Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» аясында 145 мың түп ағаш егілді
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қызылорда облысында 145 мың түп ағаш егілді.
Оның дені өңірдің климатына бейімделген терек, қарағаш, сыр талы көшеттері. Сонымен қатар Арал теңізінің құрғаған ұлтанына шөлге төзімді өсімдік егу жұмысы жалғасып жатыр. Орманшылар көктемде 60 мың гектар жерге сексеуіл екті. Бұл жұмыстар күзде де жалғасады. Ол үшін далалық жерлерден сексеуіл, сарысазан, қарабарақ өсімдіктерінің тұқымын жинау басталды. Қазіргі уақытта Қазақ орман шаруашылығы институты ғалымдарының ұсынысы бойынша, қараша айының үшінші онкүндігінен бастап теңіздің кепкен ұлтанына сексеуілдің тұқымын себумен қатар, көшеттеп егілетін болады, дейді мамандар.
Исатай Әбдіразақов, облыстық орман шаруашылығы басшысының орынбасары:
- Жыл басынан бері Арал теңізінің құрғаған табанында көктемгі сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстары 65 мың гектар жерге жүргізілді. Күзде 200 мың гектар шамасында тұқым себу және көшетпен отырғызу орман мелиорация жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.