Түркістанда бес мың көшет егілді

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы күзгі ағаш егу жұмысы қаланың 6 аумағында жүргізілді.

Жергілікті климатқа бейімделген алма, алмұрт, жиде, ива, акация, айлант және қараағаш көшеттері егілді. Шараға мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер, маслихат депутаттары, белсенділер мен коммуналдық сала қызметкерлері бар. Табиғат жанашырлары кәсіпкерлік нысандар мен шағынаударындағы көпқабатты тұрғын үй ауласын, қоқыс жәшіктері мен балалар ойын алаңшасы аумағын және ирригациялық арық жүйелерін қоқыстан тазартты.

Ырыс Ташметова, қала тұрғыны:

- Дүние жинама тал ек дейді ғой. Бұл біріншіден, тазалық. Екіншіден, бұл жеміс. Бұл тұрған жерде ауа таза болады. Түннен азанда ұйықтап тұрғанда құм басып қалатын жел болғанда. Қазір құм деген мүлде жоқ.

Әзімбек Пазылбекұлы, қала әкімі:

- Бізде күзде 77 мыңдай ағаш отырғызылады. Бүгінгі таңда 40 мыңнан астам ағаш егілді. Оннан астам ағаш түрлері бар. Қаланың барлық тұрғындарын тазалық жұмыстарына белсене қатысуға шақырамыз.