CNN: Амур жолбарысы Қазақстанға қайта оралды
Орталық Азия өңірінде жойылып кеткен амур жолбарысы аймаққа қайта оралып жатыр.
Танымал американдық СИ-ЭН-ЭН басылымында осындай тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Онда өңірде 70 жыл бұрын жоғалып кеткен жыртқыштың Қазақстанда популяциясын көбейту жобасы жайында айтылған. Автор бұл бастаманың табиғатты қорғаудағы маңызына ерекше тоқталып өтті.
Си-Эн-Эн-де жарияланған мақала Қазақстанды мекендеген сирек жануарды қалпына келтіру жайында. Автор бұл амур алып мысығы қазақ жерін ғана емес, сондай-ақ Түркия, Корей түбегі, Ресейдің солтүстік Сібір аймағынан тропикалық Индонезия аралына дейінгі аумақты мекен еткен дейді. Бірақ өткен ғасырдың 50 жылдары табиғат экожүйесі үлкен дағдарысқа ұшырап, жолбарыс тұқымдасы Каспий аумағынан мүлдем жойылып кеткен. Бірнеше онжылдықтан кейін Нидерландтан табылған Бодхана мен Кума есімді жолбарыс Қазақстандағы табиғи қорыққа қайтарылды. Мақала авторы жобаның аймақ үшін ғана емес, әлемдік деңгейде маңызы зор екенін айтады.
ЦИТАТА
Стюарт Чепмен, Tigers Alive бастамасының жетекшісі:
Бұл жолбарыс Каспий аймағын мекендеген жыртқышқа өте ұқсас. Сол себепті осылар таңдалды. Табиғатты қорғау мақсатында қолға алынған бұл бастама аймақ үшін ғана емес, күллі әлем үшін үлкен маңызға ие.
Тарихи сапар табиғатты қалпына келтіру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Автордың айтуынша, Бодхана мен Куманы Қазақстанға жеткізу оңай болмаған. Бірнеше кезеңді қамтыған сапар аясында алып мысықтар, алдымен Германияға құрлық арқылы әкелінген. Кейін алты сағат жүк тікұшағымен Іле-Балқаш қорығына жеткізіліпті. Бұл жыртқыш үшін жаңа мекенге жол ашады - дейді мамандар.
ЦИТАТА
Стюарт Чепмен, Tigers Alive бастамасының жетекшісі:
Бұл жолбарыстарды халықаралық шекараны кесіп өтіп, табиғатқа қайта жіберу үшін жасалған алғашқы жағдай. Саяси ерік-жігер, жануарларды жақсы қорғайтын аумақ пен аңшылық ереженің сақталуы жобаның табысты жүзеге асуына себеп болды. Барлығы үйлесім тауып, бастама сәтті іске асты.
Басылым бетінде табиғи ортасына оралған қос жануардың бір ай мерзім карантиндік жағдайда бақыланып, толық тексеруден өткені жазылған. Ал оларды қорғайтын Іле-Балқаш қорығы қауіпсіз мекен ретінде қайта құрылыпты. Флора мен фауна қалпына келтіріліп, жартылай жабайы ортаны құру жұмыстары жүргізілген. СИ-Эн-ЭН-нің жазуынша, алдағы бірнеше жылда жолбарыс жұбына кемі тағы сегіз жануар қосылмақ. Ал 2035 жылға қарай қорықтағы жабайы алып мысық саны 50-ге жетеді деген болжам бар.
Әсия Нұрлыбаева