Өскеменде тасқынның алдын алу жұмыстарына ₸100 млн бөлінді
Шығыс Қазақстан облысында тасқынның алдын алу жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24KZ. Мәселен, Өскеменнің шағынаудандарын селден қорғау үшін ондаған шақырым арна салынып жатыр. Сонымен қоса жауаптылар өңірдегі каналдардың барлығын қоқыстан тазартып жатыр. Үлбі өзенінің жағалауына да шағылтас төселіп күшейтіліп жатыр. Жалпы аймақта су тасқынының алдын алу үшін бюджет қаржысы 3 есе артты.
Үлбі өзенінің 18 шақырымы Өскемен қаласы арқылы өтеді. Биыл көктемде мұндағы су деңгейі 1 мертге дейін көтерілді. Соның салдарынан жүздеген жеке секторға қауіп төнді. Апаттың алдын алу үшін қазір өзен арнасы тереңдетіліп, қоқыстан тазартылып жатыр. Бұл жұмыстар шаһар аумағындағы 4 өзен мен 6 бұлақта да жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 30 мың шаршы метр шағыл тас төселіп, жағалаулар нығайтылды.
Амангелді Еңсегенов, қалалық ТЖД бастығы:
- Қазір күнделікті осы өзендердің арнасын аралап, зерделеп жүрміз. Тасқынның алдын алу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, арық-атыздар тазаланып жатыр. Біздің мамандар үлкенді-кішілі каналдардың барлығын қарап, бітелген тұстары болса, әкімдікке хабар береміз. Себебі аздаған қоқыстың өзі арықтың бітелуіне алып келуі мүмкін.
Биыл су тасқынының алдын алу жұмыстарына қала бюджетінен 100 миллион теңге бөлінді. Бұл былтырға қарағанда 3 есе көп қаражат. «Сондықтан бұған дейін қараусыз қалған арнаның бәрі тазартылады», – дейді жергілікті билік өкілдері.
Қайрат Тәнекенов, қала әкімінің орынбасары:
- Жағалауларды нығайтумен қоса біз ескі су өткізгіш құбырларды да жаңғыртып, қажет болған тұстарға жаңасын орнатып жатырмыз. Бұл жұмыстар тек көктемде емес, жаздыгүні де жүргізіледі. Арықтардың тазалығы да жыл бойы бақылауда болады.
Биыл еліміздің 6 аймағында болған су тасқынынан 300 миллиард теңге залал келді. Республиканың шығысында төтенше жағдай болмағанымен, мұндағы құтқарушылар мен коммуналдық мекеме қызметкерлі апат болған аймақтарға қол ұшын беру үшін күн-түн демей жұмыс істеген болатын.
Авторлары: Мерей Бает, Вячеслав Ветлугин.