Экологтар БҚО-да өсе бастаған кактустың тез жайылып кетуіне алаңдайды

Батысқазақстандық биологтар Оралдың айналасында жаңа өсімдік түрі пайда болғанын айтып дабыл қағады, деп хабарлайды 24KZ.

«Өңірде бұрын мүлдем кездеспеген кактус опунцияның әзірге алып жатқан аумағы азғантай болғанымен, келешекте тез жайылып кету қаупі бар», – дейді. Мамандардың алаңдауы қаншалықты орынды?

Оралдың Борлытау ауылы маңынан мына өсімдіктерді бірінші боп биолог Владимир Абдулов байқаған. «Екі ай бұрын отбасымен осы жаққа серуендеп келгенде табаныма тікенек кірш еткенде жаным көзіме көрінді», – дейді ол.

Владимир Абдулов, биолог:

- Зер салып қарасам, осы жерде 4-5 түп кактус жайылып, жайқалып жатыр. Қатты таңғалдым. Кактус опунция бұл жаққа қалай келді деп. Негізі оның отаны – Мексика. Біздің жақта кактустың табиғи жауы жоқ. Ешбір жануар оны жей алмайды. Тіпті түйе де. Сондықтан тез тарала ма деп қорқамын.

Биологтың айтуынша, бір ай бұрын кактустың жемістері қып-қызыл боп толып жатса, қазір бірен-сараны ғана қалған. Өзгесін қанаттылар шұқып жеп қойған сыңайлы. Осылайша, өсімдіктің дәні құстың саңғырығымен жан-жаққа таралып, жылдан-жылға жайылып кету қаупі бар.

Естеріңізде шығар, «Аяз би» ертегісінде ханның уәзірлері шөптің жаманы деп шеңгелді, ал жаманның өзі қарақоғаны танитын еді ғой. Егер бұл сұрақ бүгінде біздің батысқазақстандық биологтарға қойыла қалса, олар бірауыздан кактус опунция дері сөзсіз. Өйткені бұл бәлекеттің тікендері сояудай әрі қатты, мал мен жанды жарақаттап жүргізбейді, айналасындағы өзге өсімдіктерді өсірмейді және тез жайылады.

Экологтардың сөзінше, тек Оралдың айналасында емес, Тасқаладағы Ешкітаудың маңайында, Бөкей Ордасы, Жаңақала ауданында да кактус өсе бастаған.

Дархан Сариев, Батыс Қазақстан экологиялық-географиялық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Австралия тарихында 1939 жылы бірер опунция түскен де, 80 жыл ішінде бүкіл жайылымдарды қаптап, мал қырыла бастады. Тарихи айғақ осындай.  Қазіргі уақытта ешкім ештеңе айтпайды. Бүгін-ертең былай сырт көзге қарағанда қауіп жоқ сияқты болып көрініп тұр. Бірақ біздегі мәлімет бойынша белгісіз біреулер, институт-ау деймін, осы опунцияны жерсіндіру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Талап етіп жатқанымыз: неге зерттеулер жайлы тиісті органдарды хабарландырмайды бұл кісілер? 

Жатжерлік өсімдікті Орал топырағына жерсіндірем деп отпен ойнап жүргендер кімдер? Әлде кактустың тұқымы өңірге құстың қанатымен жетті ме? Егер олай болса, қазір нақты қандай аумаққа жайылған? Осыны анықтауды сұрап экологтар құзырлы органдарға хат жолдағанымен, мемлекеттік мекемелер әзірге самарқау.

Ерлан Орынбаев, ҚР АШМ АӨК аумақтық инспекция басшысы:

- Инспекторды жіберіп қарап, аумағын біліп алдық та, сосын біздің қызметіміз әрі қарай тексеру-зерделеу емес. Институттарға жібердік. Ол енді қатты үлкен емес, осы кабинеттің көлеміндей болады. Ол кактус біздің тізімде жоқ. Бір. Екіншіден, біздің құзіретімізге жатпайды.

Орман шаруашылығы инспекциясы да табиғат жанашырларының шағымын түрлі институттарға жолдаудан әріге аспапты.

Әлфия Жәңгірова, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бас маманы:

- Біз 20 қарашада қалалық әкімдікпен бірлесе шығып келдік. Ол алқаптың мемлекеттік орман қорына кірмейтіні анықталды. Ғылыми баға беріп, ұсыныстар әзірлеу жөнінде ботаника және фитоинтродукция институтына хат жолдадық.

Ауыл шаруашылығы басқармасы да: «Кактуспен күрес біздің жұмыс емес», – дейді. Осылайша, жергілікті экологтардың алаңдаушылығына тұшымды жауап болмай тұр.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.