Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су құйылады

Қызылорда облысында Аралға жіберіліп жатқан су көлемі артты, деп хабарлайды 24kz.

Мамандар келер жылдың сәуір айына дейін теңізге шамамен 1 млрд 672 млн текше метр су құйылады деп болжап отыр.

Қазір теңіздегі судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Биыл Шардара су қоймасына 11 млрд текше метр су жіберу туралы келісім жасалған.

«Бұл елдің оңтүстік аймақтарына 2025 жылғы суару маусымы үшін қажетті су көлемін жинауға мүмкіндік береді», - дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы Қайратбек Сәрсенбаев.

Қайратбек Сәрсенбаев, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы:

- Өткен жылдың көлемінде 2 млрд 42 млн текше метр су берілді бір жылдың көлемінде Арал теңізіне. Ал биылғы жылы осы енді қалғаны желтоқсан айын қосып есептегенде біз 2,5 млрд-тың үстіне шығатын меже бар. Жалпы қыс айларында оның деңгейі көтеріле бастайды.