ШҚО-да «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы құрылады

Шығыс Қазақстанда «Өскемен тынысы» атты экологиялық қорғау бюросы құрылады, деп хабарлайды 24kz.

Оның құрамына қоғам белсенділері, экологтар,сарапшы мамандар мен журналистер кіреді. Жаңа ұйым қала экологиясына қатысты өзекті мәселелерді шешуге атсалысады.

Шаһардың әр ауданына арнайы құрылғылар орнатылып, сол арқылы ауа құрамы жайлы ақпарат алынады. Сонымен қатар метеорологиялық жағдай ушыққан күндері зауыттардан бөлінетін зиянды қалдықтарды азайту мәселесі де назарға алынады. Белсенділер өндіріс орындарында сүзгілердің уақытылы ауыстырылуын да қадағалай алады.

«Ең бастысы, ауа құрамына қатысты мәліметтер көпшілікке нақты әрі ашық жеткізіледі», - дейді экологтар. Бұл бюро текке құрылып жатқан жоқ. Өткен аптада Өскеменді қалың тұман тұмшалап экоахуал нашарлаған болатын. Тіпті оқушыларды қашықтықтан оқыту туралы да шешім қабылданды. Экологиялық қорғау ұйымы осындай сәттерде халықпен бірге жұмыс істейді.

Дәулет Асанов, эколог:

- Мен осындай бір тәуелсіз ұйым құру туралы бұрыннан айтып келе жатырмын. Ақыры сол ұсыныс іске асты. Бюро құрамында салалық басқарма басшылары да болуы керек. Өндіріс орындарының жұмыстарына мониторинг жасалуы қажет және көрсеткіштердің барлығы ашық жарияланса тіпті жақсы. Сол кезде ғана нақты іс шаралар қабылдауға мүмкіндік болады.