Ақмола облысында жаңа жыл мерекесінде заңсыз шырша сататындар көбейеді

Қазір осыған байланысты қылқан жапырақты ағаштарды қорғау шаралары күшейтілді.

Қазір өңірдегі орман алқаптары мен кіреберіс жолдарға 21 бақылау бекеті қойылып, 105 мобильді топ құрылды. 

Қызылсая ауылының орманшысы Ербол Ахмағанбетовтың күнделікті жұмысы осылай басталады. Ол 2 мың гектардан астам орман алқабын қадағалайды. Басым бөлігінде қылқан жапырақты ағаштар өседі. Бірақ орманшы кейде қардың қалындығына байланысты діттеген жеріне бара алмайды. Ондай жағдайда төңіректі осылай дүрбімен шолып шығады.

 Ербол Ахмағанбетов, орманшы:

- Енді қыстыгүні көріп отырсыз ғой, қалын қар түсіп кетсе бара алмаймыз. Оны күрек алып барамыз. Қазу керек болады. Екі адамнан жүреміз, бір адамға қиын орманда жүруге. Барып із қараймыз. Трасса бойынша, жол шетіндегі із қарап отырамыз. Орманға келген кісілер бар ма екен соны бақылаймыз.

Ербол Ахмағанбетов 20 жылға жуық орманшы боп еңбек етеді. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығын да елемейді. Күні-түні ормандағы қауіпсіздікті бақылайды. 

Ербол Ахмағанбетов, орманшы:

- Әрине жұмыс есть жұмыс қой. Бізде демалыс деген жоқ, праздник деген болмайды. Біздің жұмысымыз орман күзету. Болуымыз керек міндетті түрде. Орманда жүреміз, аралаймыз.

Осы күндері Көкшетаудағы сауда орындарында шыршаның түр-түрі сатылады. Сұраныс та жоғары. Себебі тұрғындар жасандыдан гөрі, табиғи шыршаны қалайды. Орман қорғаушылары соңғы кезде шыршаны заңсыз кесу деректерінің азайғанын айтады 

Арман Тұрымбаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

- Биыл Сандықтау ауданының аумағында шыршаны заңсыз кесудің бір дерегі тіркелді. Ол Балкашино ауылының тұрғыны боп шықты. Оның бір тал қылқан жапырақ ағаш кескені анықталды. Келтірілген шығын 55 мың теңге. Қазір аудандық полиция бөлімі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 Заңсыз шырша кескендер жазадан құтылмайды. Әсіресе қыста ол жаза тіпті қатаңдайды. Қазір бір шыршаны кескен адам 55 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Жалпы бұл жаза тек шыршаға ғана емес, кез келген ағашты заңсыз кескен тұлғаларға қатысты.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренко