Жетісу облысында «Мектеп орманшылығы» жобасы жүзеге асып жатыр

Жетісу облысындағы 10 мектепте «Мектеп орманшылығы» жобасы қолға алынды, деп хабарлайды 24KZ. Бастама аясында оқушылар тұқым өсіреді. Кейін көшетті ауылға егіп, тамырын терең жайғанша күтім көрсетеді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы игі шара оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырады», – дейді жауаптылар.

Екінші сыныпта оқитын Нұрислам Ермекұлы алғаш рет ағаш тұқымын екті. Өскінге қалай күтім жасау керектігін оған ұлттық парктің ғылыми қызметкерлері түсіндіріп берді.

Нұрислам Ермекұлы, Аманбөктер орта мектебінің оқушысы:

- Мен қайың ағашын ектім. Мен ағашын баптаймын өсіріп, ол үлкен болып өскенде мектептің ауласына егемін. Сонда мектептің ауласы көркейе береді.

Аманбөктер орта мектебінде «Жасыл» деп аталатын орманшылар клубы құрылған. Оның құрамындағы оқушылар тұқымның көктеп, өсіп жетілгенге дейінгі процесін зерттейді. Соның негізінде ғылыми жұмыспен айналысады. 

Шынар Төлеуғалиқызы, Аманбөктер орта мектебінің биология пәні мұғалімі:

- Көктемде мектептің жанынан тәжірбиелік алаң ашып, тәжірбиелік алаңға отырғызып, ары қарай бұл жұмысты жандандырамыз. Сол арқылы балалардың табиғатқа деген құштарлығы оянады. Туған жерін көркейтеді. Экологиялық білімдерін кеңейтеді.

«Мектеп орманшылығы» жобасы «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінің басшылығы мен білім ордаларының директоры арасында жасалған меморандум негізінде жүзеге асты. Келісім бойынша мектептерге бес түрлі ағаштың тұқымы беріледі. Оны күтіп-баптап, өсіру арқылы оқушылардың экологиялық таным-түсінігін қалыптастыру көзделген.

Ботагөз Сағынғалиева, «Жоңғар Алатауы» МҰТП бөлім басшысы:

- «Жоңғар Алатауы» МҰТП үш ауданды қамтиды. Алакөл, Сарқан, Ақсу аудандарында бізде 10 мектеп орманшылығы бар. Сол мектеп орманшылығында мектеп орманшылығы мүшелерімен әрбір мектепте 200 данадан отырғызылу жоспарланып отыр. Жас өркендеріміз орманды алқапты ұлғайтуға, жасыл желекті жандандыруға, көбейтуге атсалысады.

«Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінің аумағы 356 мың гектар. Соның 81 мың гектары ғана жасыл желекпен көмкерілген. Орманды алқапты ұлғайту үшін саладағылар жыл сайын 60 мың «Сиверс» алмасының көшетін отырғызады. Көктемде бұл үрдіске оқушылар да атсалысады. Олар өздері өсірген көшеттерді егіп, туған жерін көркейтуге үлес қосатын.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.