Талдықорғанда оқушы көшет отырғызатын робот құрастырды

Жетісу облысының жас өнертапқыштары көшет отырғызатын робот құрастырды.

Жасанды интеллектпен басқарылатын құрылғы жерді бұрғылап, ұңғымаға тал шыбықтарды конвейермен түсіріп, қазылған топырақты қайтадан көміп отырады. Осылайша бір сағатта 180 көшет еге алады. Орнатылған бейнекамералар алдындағы көріністі сканерлеп бөгеттерді айналып өтуге мүмкіндік береді. Ағаш отырғызып ғана қоймай, қоқысты да жинайтын робот  20 шақты адамның жұмысын істей алады, дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары. Олар жобаны «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы басталғанда қолға алған. Бір жылда жасап шыққан құлтемірді жасөспірімдер Германияда өткен робототехника байқауына апарып, үшінші орын иеленді.

Аяулым Әлиева, жас өнертапқыш:

-Бұл идеяға негізгі келу себебіміз, ол біздің Қазақстанға көмектесу. Яғни экологиялық проблемалардың шешімін табу болып табылады. Біз білетіндей Қазақстанда неше түрлі экологиялық проблемалар бар. Және олар жасырылмайды да. Бәріміз білеміз ол  туралы. Солардың шешімін табу үшін біз «Көзқарас» командасымен осы проекті бастаған болатынбыз.