Алматыда «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасын тапты
Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық жобасының аясында қолға алынған «Таза бейсенбі» акциясы жалғасын тапты, деп хабарлайды 24kz.
Іс-шараның мақсаты – экологиялық мәдениетті дамытып, қаланың тазалығын сақтау. Бүгін «Amanat» партиясының өкілдері мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері «Достық» саябағын тазалады. Олар балалар ойнайтын және спорт алаңының қарын күреп, мұзын ойды. «Amanat» партиясы «Таза бейсенбі» акциясын былтыр жазда қолға алған болатын. Оған белсенділер мен қоғамдық ұйым өкілдері атсалысып келеді. Іс-шара барысында өзен жағалаулары, бақтар мен өндірістік аймақтар және күре жолдардың бойы тазаланып, көшеттер егілді.
Ғалымжан Керімбек, Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:
- Студент болсын, магистрант болсын, докторант болсын, оның Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында бұл акцияны біз де қолдаймыз. Сондықтан «Amanat» партиясының саяси кеңесінің мүшесі ретінде осы акцияны қолдап, өзімнің білім алушыларыммен бірге келіп отырмыз.