Елдегі қымбатшылық жақын арада басылмайды – Сарапшылар

Елдегі қымбатшылықпен күресіп, инфляцияны ауыздықтау үшін Үкімет шығындарды азайту керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық экономистер осылай дейді. Ал әлемдік сарапшылар жағдай жақын арада түзелмейді деп отыр. Халықаралық есеп айырбастау банкінің бас директоры Агустин Карстенс қазіргі жағдайды осылай деп сипаттады. «Бұл мәселе дүние жүзіндегі орталық банктердің проценттік мөлшерлемелерді көтеруін талап етеді. Ал Үкіметтер тұрақты, ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қамтамасыз етуге жағдай жасау керек. Ол үшін орталық банктердің проценттік ставкалары инфляция деңгейінен асқаны абзал. Инфляцияны ауыздықтаудың басты жолы», – осы дейді сарапшылар. Олардың сөзінше, қымбатшылық жақын арада басылмайды. Себебі тұтынушылар әлі де қызметтерден гөрі тауарларды көп сатып алады. Сайып келгенде бұл логистика, жартылай өткізгіштер өндірісі және еңбекақы төлеуге қатысты қиындықтарға келіп тіреледі. Наурыз айының қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция 8,7 проценттен 12 процентке жетті. Негізгі себеп – тағы да сол біз сауда жасап отырған серіктес мемлекеттерде инфляция өсті, әлемде азық-түлік қымбаттады.

Қайырбек Арыстанбеков, экономикалық саясат институтының директоры:

– Шұғыл түрде Ұлттық банк пен Үкімет дереу ол инфляциямен күресу керек. Не істеу керек нақты? Біріншіден, Үкіметтің кеңейтілген шығындарын қысқарту керек. Сосын бізде инфляцияның тағы бір себебі 40% ақша-кредит саясатына байланысты болып тұр. Яғни Ұлттық банк «М3» деген ақша агрегаты бар, ақша салмағы. Соны ұлғайтпау керек.

ҮЙ ҚАШАН АРЗАНДАЙДЫ?

Елімізде баспана арзандауы мүмкін. Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясы осындай болжам берді. Ұйым басшысының айтуынша, сәуірдің соңы мен мамырдың басында баға 1-2%- ке төмендей бастайды. Бұл жылжымайтын мүлік нарығындағы жаңа және және ескі үйлерге де байланысты.  LS сараптама агенттігіне берген сұхбатында  Ермек Мүсірепов теңге біршама нығайды, сондықтан дәл қазір болмаса да жақын арада бұл баспана бағасына оң әсер етеді дейді. Бірақ қазақстандықтардың үй алу мүмкіндігі төмендеп барады. Осыған байланысты құрылысшыларға шаршы метрдің құнын арттыру тиімсіз. Сала маманының пайымдауынша, баға тағы көтерілсе олар әлеуетті клиенттерін жоғалтады.

Еске салайық, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір айда жаңа баспаналар бірден 5,5%-ке қымбаттады. Енді бір шаршы метр орта есеппен 408 мың теңге. Өткен жылдың наурызымен  салыстырғанда бағалар 20%-ке жоғары. Қайталама нарықтағы үйлер бір айда 4,6%-ке өсіп, бір шаршы метр құны 451 мың теңгеге дейін жетті.

АҚШ-ТА БЕНЗИН ТАҒЫ ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН

Осы жазда АҚШ-та бензин мен дизель отынының бағасы рекордтық деңгейге жетеді. Қымбаттайтыны сонша, тіпті 8 жыл бұрынғы көрсеткіштерден асып түседі, деп жазады Энергетика министрлігінің ақпарат басқармасы. Сонымен, жазда бензин бір галлон үшін 3,8 доллар, ал дизель бағасы 4,57 доларға дейін өседі деп күтілуде. «Инфляцияны ескере отырып, осы жазда бензин мен дизель бағасы 2014 жылдың жазынан бергі ең жоғары болады», – дейді Интерфакс агенттігі.