Қазақстанда жалпыхалықтық декларацияның екінші кезеңі басталады

2023 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда жалпыхалықтық декларацияның екінші кезеңі басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған сай кейбір азаматтар мүлкі мен табысын тіркеуі тиіс. Науқанның екінші кезеңінде кіріс комитетіне кім есеп беруі тиіс?

Жақында Қазақстанда жалпыхалықтық декларацияның екінші кезеңі басталады. Еске сала кетейік, азаматтарды жалпыға бірдей декларациялауға көшудің негізгі мақсаты - көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес.  Ол үшін  жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін тиімді бақылау жүйесін құру.  Сондай-ақ салықтар мен басқа міндетті төлемдерді жинауда мемлекеттің рөлін күшейту болып табылады. Есепте күнтізбелік жылдағы кірістер, салық, мүлікті сатып алу немесе иеліктен шығару туралы мәліметтер, шетелдік банктердегі шоттардағы ақша, сондай-ақ шетелдегі мүлік кіреді. Өтпелі кезең төрт кезеңнен тұрады, 1 кезең 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылды. Бірінші кезеңде жоғары лауазымды тұлғалар мен олардың жұбайлары, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтегі тұлғалар мен олардың жұбайлары, Қазақстанның кейбір заңдарына сәйкес табысын тіркеуге міндетті азаматтар  тізімі кірді.

ТАБЫСТЫ ТІРКЕУ МІНДЕТТІ МЕ?

Ал жалпыұлттық декларацияның екінші кезеңінде білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласындағы мемлекеттік қыметкерлер, квазимемелкеттік сектордағы жұмыскерлер мен олардың жұбайлары есеп береді. Декларациялаудың екінші кезеңі 2023 жылдың 1 қаңтарында басталады. Айта кету керек, бірінші кезеңде мемлекет жеке тұлғалардан 497 мыңнан астам декларация  қабылданды.  Соның ішінде 26 шет мемлекеттегі 666 жылжымайтын мүлік тіркелді. 58 мемлекеттің шотында жатқан 691 миллиард теңге декларациядан өтті. Бұл тек 440 мемлекеттік қызметкердің ақшасы.  @tengenomika телеграмм каналының сарапшылары бұл жаңашылдық қоғамды теңестіруге арналған бір қадам деп есептейді. Бұл тек мемлекет алдында емес, әр азаматтың бір бірінің алдын ашықтығын білдіреді дейді сарапшылар.

БӨЛШЕК САЛЫҒЫН ТӨЛЕЙТІНДЕР КӨБЕЮІ МҮМКІН

Есеп демекші, елдегі бөлшек салығын төлейтіндер тізімі қайта қаралды. Премьер-министрдің қаулысымен жаңа жылдан бастап қоғамдық тамақтану саласындағы сегіз нысан бөлшек салығын төлейді. Ол 2025 жылға дейін қолданылады. Тізімде ресми іс шараларға арналған мейрамханалары, тамақ жеткізу қызметі бар қонақ үйлердің иелері кірді. Сондай-ақ елді мекендерден тыс жерде, жолаушылар пойыздарында тамақтандырумен айналысатындар бөлшек салық төлейді. Бұрын бұл салық бизнесмендердің көбіне 3 пайызды құраған. Мысалы, азық-түлік сататын бөлшек сауда желілерін қоспағанда, бөлшек саудада, сондай-ақ автомобильдер мен мотоциклдерге, көліктерге техникалық қызмет көрсетуде қолданды. Нарықтағы ақпаратқа сәйкес, бұл тізім кеңейтіліп, жақын арада жарияланады. Айта кетейік, биыл мамырда рестораторлар ҚҚС-тан босатып, бөлшек сауда салығын енгізуді сұраған. Бұл ретте Ұлттық кәсіпкерлер палатасының шағын және орта бизнес комитетінің төрағасы Берік Зайыров барлық қызмет түрлерінің тізімін кеңейтіп, оған бөлшек сауда, наубайхана, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй бизнесін қосуды ұсынды. Жалпы бөлшек салық режимі ШОБ субъектілеріне салық жүктемесін азайтып, төлемдерді төлеу тәртібін оңтайландыру үшін дағдарысқа қарсы шара ретінде 2 жылға есептелген болатын.

ЭКСПОРТТАН $ 64 МЛРД ТҮСТІ

Қазақстан рекордтықтық деңгейде тауар экспорттады. Негізінен шикізат. Өткен тоғыз айда  экспорт шамамен 64 миллиард долларға жетті. Бұл биылғы тоғыз айлық көрсеткіш. Соңғы рет осындай жағдай он жыл бұрын болған. 2012-де Brent маркалы мұнайдың баррелі 112 долларға сатылғанда, республикамызға 65 миллиард доллар табыс келді. Ал биылғы тоғыз айда Brent бағасы 104 долларды құрады. Kursiv порталы елдің экспорттық картасын жасап, қанша қаржы келгенін есептеді. Сонымен, осы аралықта мұнайдан 36 миллиард доллар түсті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қара алтын экспорты биыл 63 процентке артқан. Экспорттық түсімнің ұлғаюна басты себеп  мұнайдың қымбаттауы.

50 МЛН ТОННА МҰНАЙ САТЫЛДЫ

Жыл басынан бері қара алтын құны құбылып тұрды. Бірақ негізінен біз үшін оңтайлы болды. Мысалы, қаңтар-ақпан айларында мұнай бағасы ОПЕК+ келісіміне байланысты өсті. Бұл негізгі өндіруші елдерде мұнай өндіруді шектеуді білдіреді. Мұнай өндіруші 10 елдің ішінде АҚШ, Канада және Қытай келісімге қатыспайды. Ал наурызда Ресей мен Украина қақтығысының басы, әлемдік нарықты бір сілкінтті. Болашақ тым бұлыңғыр болып көрінді. Қара алтын нарығындағы құны 100 доллардан асқан котировкаларға кері әсер етті. Тамыз-қыркүйек айларында мұнай бағасы одан да төмендеп кетті. Бірақ тоғыз айдағы Brent-тің орташа бағасы 104 доллар болды. Өткен жылмен салыстырғанда 53 процентке жоғары баға. Ал Қазақстан мұнай өндірісін 1 процентке қысқартты. Осыған қарамастан, қазақстан шетелге 50 миллион тоннадан астам қара алтын экспортады. Ел үшін жаңа бағыттар ашылды. Мыс пен феррохром экспортында да өсім бар.