Депозитте қаржы жинау тиімді ме?
Былтыр жеке тұлғалардың депозиттеріндегі қаржы 20,4 трлн теңгеге жетті.
Бұл мемлекет тарихында болмаған құбылыс. Ал заңды тұлғалардың қаржысын қоса есептегенде екінші деңгейлі банктердегі депозиттер қоры 35 трлн теңгеден асты.
Тиынын теңге еткісі келетін елдің дені депозитте ақша жинағанды жөн көреді. Былтыр жеке тұлғалардың жинақ қоры 20 трлн теңгеден асқан. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Бір жылда банк қызметін қолданушылардың қатары артып, қаржы көлемі 20 процентке артқан. Сарапшылар, бұл жақсы үрдіс дейді. Қаржы қолданысы қысқарып, қорларда жиналатын болса салымшылармен қатар мемлекетке де пайдалы екен.
Айбар Олжаев, экономист:
- Депозиттердің көп болғаны экономикалық системаға жақсы. Бұл жерде жинақтаушы жүйеде болады және ол қаржылық тұрақтылыққа жақсы әсер береді. Депозит халықтың қаржылық жаңағы подушка дейді ғой, қаржылық бір қоры. Резервтың жоғары болғаны банктерге де өтімді болғаны жақсы және біздегі басы артық ақшаны нарықтағы инфляцияны қоздырмау үшін стилизация жасайды.
Дүйім жұрттың қаржысын депозитте жинауы теңгенің құнсыздануына теріс әсер етеді. Алайда экономикада инфляция тұраласа, банктердегі базалық мөлшерлеме төмендейді деген түсінік бар. Биыл да солай болды, жылдық өсім 1 процентке қысқарды. Ұлттық банк басшылығы 15,75-тен 14,75 процентке дейін төмендету туралы шешім шығарды.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Шешім нақты деректер мен жаңартылған болжамдарды ескере отырып қабылданды. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын жаңартумен қатар, инфляция тәуекелдерін бағалауы түзетілді. Жылдық инфляция баяулауда. Дегенмен оның баяндау қарқыны төмендеді. Бұл біздің болжамымызға сәйкес.
Қаржы ұйымын таңдаудан бұрын, қандай жолмен жинақ ашуға бас ауыртып жүргендер де бар. Елдің бір бөлігі артық ақшасын құнды қағаз немесе қаржы, ал енді бір тарап алтын күйінде сақтағанды жөн көреді. Санасы санға, ойы онға бөлінген ағайынның «Қай жол тиімді әрі қауіпсіз?» деген сауалын сала маманына жолдадық.
Айбар Олжаев, экономист:
- Базалық ставка 14-тен жоғары болып тұрғандықтан теңгеде депозит ұстау халық үшін ең тиімді вариант деп ойлаймын. Ол инфляциядан жоғары. Алтын инфляцияға коррекция жасалмайды. Инфляция болып кетсе, алтын әлемдегі нарықтағы сұранысқа қатысты. Ол Қазақстандық инфляцияға қарамайды.
Сондай-ақ белгілі сарапшы, «жылдап жинағаным бір күнде жоқ болады деп алаңдамаңыздар», - дейді. Мемлекет салымшылардың 20 млн теңгесіне дейін кепілдік береді. Ал шетелдік валюталарға – 5 млн теңге көлемінде сақтандырады. Бұл үміт еткен банкіңіз банкрот болса да, салымыңыз қайтарылады деген сөз.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы