Сианьда Қазақстан терминалы өз жұмысын бастады

Сиань қаласының құрғақ портында Қазақстан терминалы өз жұмысын бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қос елдің бірлескен жобасын телекөпір арқылы іске қосты.

Қытайдың тораптық транзиттік орталығы – Сиань. Шығыстағы көршінің ең ірі құрғақ порты осы қалада орналасқан. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин шетелмен алыс-берісі көп портта Қазақстан терминалын салуға уағдаласқан еді. Көкжиегі кең келісім бүгін іске асып, алғашқы контейнерлік пойыз жолға шықты.

Көлік-логистика саласындағы тарихи сәт. Жалпы, Қытай мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызға жуығы дәл осы жерден жөнелтіледі. Ал қазақстандық терминалдың қуаты жылына 70 мың жиырма футтық эквивалентке жуықтайды. Бұл отандық экспорттаушыларға не береді? Ең алдымен, оларға жаңа нарық ашылып, жүктерді жеткізу мерзімі едәуір қысқармақ. Сондай-ақ, бұл бастама Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл жоба – транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін бермек. Сондай-ақ, Еуразиядағы сауда-экономика ынтамақтастығын нығайта түседі деп санаймын. Осы орталықтың сапалы салынуына Қазақстанның және Қытайдың көптеген мамандары атсалысты. Мен бүгін баршаңызға ризашылығымды білдіремін.

Билік алдында биік міндет тұр. Қазақстан Еуразиядағы ірі транзит хабына айналуға тиіс. Саладағы серпіліске тоқмейілсімей, нақты межеге жету керек. Соңғы жылдары ҚТЖ компаниясының таза табысы шамамен 10 есе артты. Локомотивтер де белсенді жаңартылып жатыр. Былтыр парк 255 техникамен толықты. 1400 шақырым теміржол жөнделді. Ендігі міндет – 2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржол салынып, 11 мың шақырымы жөнделуі қажет. Ал оған дейін ел транзиті екі есе өседі. «Бәсекеге қабілетті болу үшін инновациялық шешім қабылдаған жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саладағы серпіліс                            

«ҚТЖ» таза табысы 9,6 есе өсті

Биыл 255 локомотив сатып алынды

1400 шақырым теміржол жөнделді

Міндет

5 мың км темір жол салынады

11 мың км теміржол жөнделеді

Транзит көлемі екі есе артады

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканың барлық саласын цифрландыру мәселесіне айрықша мән бердім. Қазақстанда озық IT-шешімдерді енгізу үшін берік негіз қалыптасқан. Отандық теміржол саласы «цифрлық жарысқа» уақыт оздырмай қосылуға тиіс. Бұған белгілі бір деңгейде әзірлік бар екенін көріп отырмыз. Цифрландыруды жеделдету есебінен таяу арада тасымал тиімділігін арттыру және шығындарды қысқарту міндеті тұр.

«Ақылды теміржол» жобасы жүзеге асырылады

Осы уақытқа дейін ІТ салада қолданған «бұлтты шешім, Big Data, һәм жасанды интеллект терминдері теміржолға да еніп жатыр.  Бұл жай емес, заманауи технология шығынды азайтып, пайданы көбейтуге мүмкіндік береді. Жиын барысында Президент «ҚТЖ» мен Қытайдың Huawei компаниясы бірлесіп әзірлеген жаңа Инновациялық орталығын ашты. Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, мұнда «Ақылды темір жол» жобасы жүзеге асырылады. Қазір ұлттық компаниясы шетелдік серіктестерімен бірге Транскаспий бағытында тұтас цифрлық дәлізді іске қосты. Жүйе уақытты үнемдеп, тасымалдау процесін барынша ашық етеді. Қазақстан да сауда ағындары үшін тартымды болады. Президент бұл міндетті жүзеге асыруға отандық компанияларды тартуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен осы жұмысқа отандық ІТ-компанияларды тарту туралы ұсынысты толық қолдаймын. Елімізде сондай компаниялар және мамандар аз емес. Әлемдік ІТ-компаниялармен тиімді байланыс орнату керек. Экономиканың барлық саласында осындай стратегияны жүзеге асырған жөн.

Қасым-Жомарт Кемелұлы басқосуға арқау болған бірлескен жобалар үшін шетелдік компанияларға алғыс білдірді. Жиында аты әлемге мәшһүр инновация гиганттары да болды. Олар да ынтымақтастық жөнінде пікірлерімен бөлісті.

Авторы: Бекзат Аманов