Жұмыс берушінің МЗЖ 1,1 трлн теңгеден асты
Жыл басынан бері зейнеткерлерге республикалық бюджеттен 306 млрд теңге бөлінді.
Оның 97 млрд-қа жуығы базалық зейнетақы. Иә, осылайша азаматтарға орташа алғанда 132 мың теңгеден аса төлем жасалды. Қазір елде 2 млн 343 мың зейнеткер бар. Ал зейнетақы жинағы біршама өскен.
Биылдан бастап қолданыстағы жинақтаушы жүйе жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарымен толықтырылды. Ол 1975 жылдан кейін туған әр қызметкердің ай сайынғы табысына қарай есептеледі. Сөйтіп 2028 жылға дейін 5 процентке жетуі керек. Оның үлесі 1,5%-тен басталып, жыл сайын ұлғайтылып отырады. Бір ескерер тұсы, бұл төлемдерді 2038 жылы зейнетке шығатын қызметкерлер ала бастайды. Мамандардың айтуынша, мұндай шара болашақ зейнетақысы тек аударымдарға байланатын азаматтарды қолдауға бағытталған. Әзірге жинақтардағы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының сомасы 1,1 млрд теңгеден асады.
Зейнетақы жинақтары өсті
Енді азаматтардың жалпы зейнетақы жинақтарына тоқталайын. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оның көлемі 22 процентке өсіп, 18 трлн теңгеден асты. Мамандар зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігін міндетті зейнетақы жарналары қамтығанын айтады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының үлесі шамамен 579 млрд теңгеге тең. Ал ерікті зейнетақы жарналары 5 жарым млрд теңгеден асты. Бұл былтырғыдан 50%-ке көп. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының жеке зейнетақы шоттарына жыл басынан бері есептелген таза инвестициялық кіріс 109,6 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 72%-ке артық.
Зейнетақы жинақтары:
Міндетті зейнетақы жарналары – Т17,5 трлн (21,7%)
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – Т58,2 млрд (26,9%)
Ерікті зейнетақы жарналары – Т5,5 млрд (50,1%)
Зейнетақы жүйесіне реформа керек
Қаржыгер Мұрат Темірханов қазіргі зейнетақы жүйесіне түбегейлі реформа қажет дейді. Ол бүгінгі ахуал мемлекеттік бюджеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен жалпы елдің макроэкономикалық тұрақтылығын айтарлықтай нашарлатқанын айтады. Дегенмен 2029 жылға дейінгі Қазақстанның даму жоспарында бұл мәселе ескерілмеген. Онда жүйенің тиімділігін арттыру жайы ғана сөз болды. Мұрат Темірханов азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін баспана сатып алу мен емделуге пайдалануы орта және ұзақ мерзімде мемлекеттік бюджетке салмақ салатынын айтады. Жыл басынан бері қазақстандықтар дәл осы мақсаттарға жинақтан 29 млрд теңге шешіп алған.
Мұрат Темірханов, қаржыгер:
- Қазіргі жинақтаушы зейнетақы жүйесінің еш мәні қалмады. Өйткені адам зейнетке шыққан кезде зейнетақымен еңбек табысының барабар өтелуін қамтамасыз ете алмайды. Соның салдарынан жақын арада бюджеттің зейнетақы шығыстарының жеделдетілген өсуіне байланысты мемлекеттік бюджетке жүктеме өсе береді. Үкімет айтқандай зейнетақы жүйесін жетілдіру аздық етеді. Оны түбегейлі қайта қарау керек.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те зейнетақы жүйесіне реформа керек дейді. Оның айтуынша, қазіргі құрылым болашақ зейнеткерлердің лайықты төлем алуына мүмкіндік бермейді. Сондықтан да, келешекте жүйеге өзгеріс енгізу қажет деген пікірде.
Квазимемлекеттік компаниялар ел дамуына үлес қосады
Экономика демекші, елде квазимемлекеттік компаниялар мен БЖЗҚ-ның қаражатын ел дамуына пайдалану көзделеді. Мамандар мұндай қадам негізгі жоғары технологиялық бағыттардың дамуын жеделдететін айтады. Әрі стартаптар үшін инвестициялық капиталдың кепілді ұлғаюын, венчурлік нарықты күшейту және тәуекелдерді басқаруды оңтайландыру сынды мүмкіндіктер береді. Мұндай тәжірибе АҚШ, Англия, Финляндия сынды елдерде бар. Алайда сарапшылар венчурлық қорлардағы азаматтардың зейнетақы жинақтарының үлесі көп болмау керек дейді. Өйткені стартаптардың 90%-і сәтсіз болып жатыр. Бұл жинақтардың кепілдігіне кедергі болуы мүмкін. Цифрлық даму министрлігі ұсынған жоба 5 наурызға дейін талқыланады.
Иә, бастысы мемлекет кепілдік береді. Жыл басында ғана "Бәйтерек" холдингі құны 190 млрд теңге болатын облигацияларды саудаға шығарыпты. Түскен қаражат көлік инфрақұрылымына жұмсалады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы активті басқаратын Ұлттық банк 173 млрд теңгеге облигация сатып алмақшы. Оны экономиканың нақты секторындағы ұзақмерзімді ірі жобаларды қаржыландыруға бағыттау көзделеді.