Депозиттік ставкалар төмендеуі мүмкін
Наурызда несиелер мен депозит ставкалары төмендеуі мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, бұған Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені өзгертуі ықпал етпек. Нарықтағы шешімді халықыралық валюта қоры қалай бағалады? Халықаралық валюта қорының өкілдері Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуін оң бағалады.
Пайыздық мөлшерлеме өзгереді
Жеке тұлғалардың депозиттік ставкалары өсті. Мұндай үрдіс қыркүйектен бері алғаш тіркеліп отыр. Қаңтарда орташа көрсеткіш 0,3 проценттік пунктке көтеріліп, 14%-ті құрады. Бұл Ұлттық банк статистикасы. Өсім Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мөлшерлеме көлемін реттеумен байланысты. 2024 жылдан бастап "белсенді депозиттік саясатқа" бейім банктердің бір бөлігі үшін ғана шекті мәндер белгіленеді. Қалғандарында ставка орташа көрсеткіштен көп болса, ол дезозиттерді кепілдендіру қоры резервіне соғұрлым көп жарна төлейді. Егер мөлшерлеме орташадан төмен болса, онда банк, керісінше, дисконт алады.
Депозиттік ставкалар төмендеуі мүмкін
Бірақ бұл үрдіс ұзаққа созылмауы да мүмкін. Наурыздан бастап Қазақстанда кредиттер мен депозиттердің ставкалары төмендейді. Бұған себеп өткен аптада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені түсірді. Қазір ол 14,75%. Осы жаңалықтан кейін банктер де ұзаққа созбай пайыздық мөлшерлемені түсіре бастады. Бірақ қаржы ұйымдарының бәрі мұндай өзгеріс туралы клиенттеріне ескертпеуі мүмкін дейді «the hodl» телеграм арнасының сарапшылары. Сондықтан егер жинаған ақшаңыз болса, ұзаққа созбай банктік депозитке салуға шақырады. Сонда жоғары пайыздық мөлшерлемемен жылдық сыйақы алуға мүмкіндігіңіз бар. Сондай-ақ, сарапшылар депозитті ұзақ мерзімге емес, 6 айдан 1 жылға дейінгі аралыққа ашуға кеңес береді.
ХВҚ экономикалық өсім шарттарын атады
Халықаралық валюта қоры Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуін оң шешім деп бағалады. Мұны қордың біздің елдегі миссия басшысының орынбасары Николя Бланше мәлімдеді. Дегенмен, ұйым Қазақстан экономикасын 6%-ке дейн өсіру үшін уақыт керек деп есептейді. Николя Бланше жалпы ішкі өнім көлемі өсу үшін бірқатар шарт орындалу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуды ұсынды.
Цитата: Николя Бланше, Халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаменті директорының орынбасары:
- Біз 2025 жылға қарай экономикалық өсім 3,1–5,7% болады деп бағалап отырмыз. Қазақстан Үкіметі 2024 жылы экономика 5,3% - ға өседі деп болжады. Ол үшін мұнайдағы өсім 7%-дан жоғары болу керек. Бірақ біздің байқауымызша, әзірге қара алтын өндірісі өзгеріссіз тұр. Іс жүзінде экономиканың дамуы қалай болатынын уақыт көрсетеді.
Сарапшылар, «әмбепап субсидияларды» тартуға басымдық беру керек деп отыр. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы экономика оң ықпал ететін жағымды факторлардың бірі. Инвесторлар ауыл шаруашылығы, мұнай химия, жаңғыртылатын энергия көздері мен ақпараттық технологияларға қызығушылық танытады.
Еуроға сұраныс өсті
Шолу соңында валюта саудасына тоқталсақ. Долларға сұраныс 19%-ға төмендеді. Қаңтарда ақша айырбастау орындарындағы АҚШ валютасының таза саудасы 421 млн долларды құрады. Ұлттық банктің хабарлауынша, үш өңірде долларға сұраныс жоғары. Шетел валютасын сатуда Алматы (31%), Шымкент (19%), Астана (11%) қалаларының ақша айырбастау орындары алда алдыңғы қатарда. Қаңтардың аяғында еуроға сұраныс 66,5% өсті. Ал ресей рублінің саудасы керісінше бір айда 17% төмендеген.