Қытайға тауық сирағы экспортталады

Қытай Қазақстаннан тауық сирақтарын сатып алуға ниетті.

Келісім де жасалды. Жалпы қазақстандық өнімге шетелден сұраныс көп. Отандық құс фабрикалары ішкі қажеттіліктің 73 пайызын қамтып отыр. Ал Қазақстан келешекте импорттан толық бас тартып, өңірдегі басты экспорттаушыға айналмақ. Осы үшін елде 30-дан астам кәсіпорын құрылып жатыр. 

Қазақстан Қытайға тауықтың сирағын экспорттамақ. Отандық компания құны 100 млн доллар болатын келісімшартқа қол қойды. Келісімшарт аясында компания сирақтан басқа да тауық өнімдерін сатады.  Жалпы былтыр құс етінің импорты азайып, экспорты көбейді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Яғни қаңтар-қараша аралығында елге 121 мың тонна құс еті әкелінген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10,7 пайызға төмен. Ал экспорт 34 пайызға ұлғайды. Шетелдік тұтынушы 38 мың тонна қазақстандық өнімді сатып алды. Ел үкіметі бірнеше жыл ішінде импортқа тәуелділіктен құтылуды көздейды. Қазір 30-дан астам құс фабрикасы тұрғызылып жатыр.

Субсидияның 90%-ы іргелі кәсіпорындардың еншісінде 

Былтыр елде құс етін өндіру көлемі 9 пайызға артты. Отандық кәсіпорындар 326 мың тонна ет өндірді. Сондай-ақ былтыр қазақстандықтар тарапынан құс етіне қызығушылық өсті. Мәселен, 2023 жылы отандастарымыз 405 мың тонна құс етін сатып алса, былтыр 410 мың тонна құс етін тұтынды. Әзірге отандық өндірушілер ішкі нарықтың 73 пайызын қамтып отыр. 

Сұраныстың өсуіне қарай құс шаруашылығын дамытуға мемлекеттен қолдау шаралары қарастырылған. Инвестициялық қолдау көрсетіліп, субсидия беріледі. Дегенмен субсидия бөлінісін қайта қарау қажет дейді сала мамандары. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің талдауына сүйенсек, субсидияның 90 пайызын іргелі шаруашылықтар алып отыр. 

Талдау көрсеткендей, нарықта тарифтік квоталарды бөлу біркелкі емес. Яғни квоталардың 90 пайызын бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлер алады. Ал жаңа қатысушыларға тек 10 пайызы тиесілі. Бұл бәсекелестікті шектеп, нарықта жаңа қатысушылардың пайда болуына жол бермейді. Сонымен қатар өндірушілерге субсидиялардың кешігуі де қосымша кедергі болып отыр. Аталған олқылық олардың қаржылық тұрақтылығына және өндірісті кеңейтуіне кері әсер етеді.

31 құс фабрикасы салынып жатыр 

Қазір елде 31 құс фабрикасы салынып жатыр. Мәселен, жылына 200 мың тонна тауық етін өндіретін бірнеше кәсіпорынның іргетасы қаланды. Бұдан бөлек, Жамбыл, Түркістан облыстарында ауқымды жобалар қолға алынды. Түркістандағы фабрика бройлер етін шығармақ. Жылдық қуаты 50 мың тоннаға жуықтайды. Жоба бес жылда жүзеге асады. Жалпы құны – 53 млрд теңге. Ал Павлодар облысында күркетауық етін өндіретін зауыт іске қосылды. Бұл кәсіпорын жылына 8 мың тонна ет өндірмек. 

Тауық саңғырығынан тыңайтқыш өндіріледі 

Сонымен қатар елде құс саңғырығын кәдеге жаратуға ден қойылып отыр. Мәселен, Жамбыл облысында тауықтың саңғырығы мен қойдың жүнін араластыру арқылы тыңайтқыш жасалады. Жобаның жалпы құны 220 млн теңгеден асады. Зауыт жылына 6 мың тонна тыңайтқыш өндіреді. Инвесторлар жаңа кәсіпорынның өніміне өңірдегі диқандар тарапынан сұраныс көп болатынына сенімді.