Қостанай облысындағы Қарасу ауданы су тасқыны жөнінен қауіпті аймақта тұр
Қостанай облысының Қарасу ауданы көктемгі тасқын судың қауіп-қатері бойынша «қызыл» аймаққа енгізілді.
Мамандар мұндай шешімді өңірдегі қардың қалың түсуі әрі жердің тоңының терең қатуы себепті қабылдаған.
Қазіргі кезде табиғи апаттың алдын алуға барынша қам жасалып жатыр. Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы орган Қарасу аумағында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, дайындықтарын тағы бір пысықтады.
Бұл өңірде қардың көбесі әлі сөгіле қойған жоқ. Өзен-көлдегі мұз да тоңын сақтап тұр. Бірақ күні ертең, әп-сәтте жағдай өзгеріп кетуі мүмкін. 2024 жылғы алапат су тасқыны ұмыт бола қойған жоқ.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қарасуға бара жатқан жолда екі жыл бұрынғы алапат тасқынның зардабын әлі де байқауға болады. Сымдары салбырап, құлағалы тұрған электр бағандар, ойдым-ойдым тас жолы әлі күнге дұрыс жөнделмеген.
Естеріңізге салайық, екі жыл бойы Қарасу ауданында төтенше жағдай режимі сақталды. Бес көл арнасынан асып жайылып, 620 шаршы шақырым жазық даланы су басқан еді. Сол судан құтылу үшін, 14 шақырым Құндызды өзеніне дейін канал қазылды. Ішкі жолдар жырылып, кейбір елді мекендермен көлік қатынасы үзілді. Сондай су құрсауында қалған елді мекендердің бірі -Новоселов ауылы.
Ербол Қалиев, Ильич ауылдық округінің әкімі:
- Екі жыл бұрын Новоселов ауылына су кірмес үшін осы жерден жол жырылды. Қысты күндері құбырдың үстімен жүрдік. Өткен жылдың мамыр айында осы көпір салынды. Содан бері қалаға, аудан тұрақты қатынас бар. Көпір астындағы ағынды су жолы кең, сондықтан биыл қауіп бола қоймас. Оның сыртында ауылдың айналасы құм үйінділерімен қоршалды.
Жалпы Қарасу ауданында 39 елді мекен бар. Биыл соның 16-сын су басуы ықтимал деп анықталған. Ол аумақта 390 тұрғын үй, 1 мың 200-ге жуық адам тұрады. Қазылған канал іркіліссіз жұмыс істесе, қарғын су ол ауылдарға жетпеуі де мүмкін. Қазіргі кезде казал бойын тазартып, өзен арнасын саз-балшықтан аршу жұмыстары жүріп жатыр.
Нұрлан Әміров, Қарасу ауданы әкімінің орынбасары
- Су тасқын сулары жаңағы канал бойымен кетіп, 14 шақырым Құндызды өзеніне құйылып, әрі қаратай Обаған өзеніне солай кететін болады. 0604 Каналдан шайылған құмдары осы негізгі Құндызды өзеніне түскен болатын да көктемде 2024-жылы. Соны қазір тазартып жатыр. 10 наурызға шейін /түгел 100 пайыз тазартып қоятын болады.
Төтенше жағдайлар қызметі оқу жаттығу жиынын осы Новоселов ауылының маңында өткізді. Мамандар каналдың, өзен арнасының жағдайын бақылады.
Инеш Кәкімова, Қостанай облыстық ТЖД бас маманы:
- Жаттығу барысында аймақтық азаматтық қорғаныс және авариялық құтқару қызметі тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару, инженерлік құрылыс жұмыстарын жүргізу, апат зардабын жою дағдыларын жетілдірді. Сондай-ақ арнайы бөлім өзен арнасын кеңейтіп, бөгеттер тұрғызды.
Биыл көктемде облыс бойынша 100 елді мекенді су басу қаупі бар. Ауа райын болжаушылар наурыз-сәуір айларында жауын-шашын жиілеуі ықтимал деп отыр. Ресейден келетін судың әсерін де жоққа шығаруға болмайды. «Осылардың бәрін ескеріп, мейлінше қам жасап жатырмыз» дейді жауапты мамандар.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг