Энергетикада ауаны ластайтын заттар азаяды 

Ірі энергетика нысандарынан ауаға тарайтын зиянды заттардың көлемі кезең-кезеңімен кеми түседі. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 35 пайызға дейін азайтамыз. 

Мұны Мемлекет басшысы атап өтті. Ал жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайыздан асыру міндеті тұр. Яғни екі есе көбейту қажет. Сонымен қатар «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр стансалары жаңғыртыла бастады. Елде көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітілді. Осының аясында заманауи қондырғылар орнатылады. Атап айтқанда, шаң мен күлді ұстайтын электросүзгі, азот оксидтерін азайтатын жүйе және улы газдан күкірт қоспаларын жоятын құрылғы қарастырылған.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Брифинг үкімет. Технологиялық мәселені химиялық терминмен айтқанда СО2 толық ұстап, оны тиісті басқа бір дүниеге қолдану, сондай технологиялар дамиды деген толық сеніміміз бар. Сондықтан біз «таза көмір» технологияларын дамытуға қазіргі кезде дайынбыз. Ол керек деген толық сеніміміз бар.

Метанның теріс әсерін азайту тетігі 

Қазақстанда метанның зиянды әсерін азайтуға халықаралық серіктес қолғабыс қылады. 

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Global Methane Hub ұйымы өзара ынтымақтастықты нығайтты. Біздің ел үшін метан шығарындысын қысқарту климаттық саясаттың басым бағыты болып тұр. Тараптар Ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу, заманауи технология енгізу және метан кеңсесін құру мәселелерін талқылады. Бұған дейінгі келісім мұнай-газ және көмір секторларына ғана бағытталса, енді Қазақстан ауыл шаруашылығы саласын да қамтуға мүдделі. Халықаралық ұйым біздің елдің бастамаларын қолдауға және ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады. Айта кетейін, метан шығарындысының көп бөлінуі жаһандық жылынуға жанама әсер етеді.

Жердің тозуы экономикаға қалай әсер етеді? 

Жердің тозуы Орталық Азияның жалпы ішкі өнімін жыл сайын 6 пайызға азайтуы мүмкін. Дүниежүзілік банк мамандарының болжамы осындай. Олар бірнеше факторды алға тартып отыр. Ең алдымен, климаттың өзгеруі, яғни жоғары температура мен құрғақшылық кері әсер етеді. Одан кейін шаруалардың ескірген аграрлық тәжірибесі, суды көп қажет ететін суару жүйесі және жайылымдардың шектен тыс жүктемесі себеп. Шаң мен құмды дауыл Орталық Азия мемлекеттері үшін күрделі мәселеге айналды. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласын дамыту, соның ішінде суару жүйелері мен жайылымдардың жай-күйін жақсарту үшін бірлескен жобалар жүзеге асырылуы мүмкін. Астанада өтіп жатқан өңірлік экологиялық саммитте бұл мәселелер жан-жақты пысықталып жатыр.

Дилором Сұлтамұратова, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының менеджері:

- Біз басқа мемлекеттерден не ала аламыз деген сұрақ болса, әрине, ол олардың тәжірибесі. Өйткені еуропалық мемлекеттер бізге қарағанда өзінің жасыл экономикаға, жасыл технологияға деген жолын ертерек бастап қойған. Сондықтан біз олардың 20, 30 жылдық тәжірибесінен үйрене аламыз. Қазақстанға керек бір шешімдерді мүмкін болашақта тарта аламыз.

ӨЭС: жаңа жел электр стансасы салынады 

Қазақстан мен Қытай Қарағанды облысында 500 МВттық жаңа жел электр станциясы салынады. Өңірлік экологиялық саммит аясында тараптар инвестициялық келісім жасады. Жобаға 645 млн доллар инвестиция тартылады. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға және жасыл экономиканы дамытуға ықпал етеді.