«Камертон» компаниясы отандық нарықты айына 60 тонна моцарелламен қамтып отыр

Қазақстанда ірімшік шығаратын «Камертон» компаниясының нарыққа шыққанына бес жыл болды.

Қазіргі таңда мұнда ірімшік өнімдерінің 100-ден аса түрі шығады. Және бұл өнімдер Ресей мен Қырғызстанға экспортталады. Бұл бизнеске еліміздегі Сауда және интеграция министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі, сондай-ақ «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы қолдау білдіріп отыр.

Моцарелла ірімшігі – «Камертон» компаниясының алғашқы өнімі. Дәмі тіл үйіретін ірімшік жасап, тұтынушы талабын қанағаттандыру үшін кәсіпкерлер моцарелланың отаны Италияға барып, өндіріс технологиясының қыр-сырын меңгеріп қайтты. Одан кейін арнайы жабдықтар сатып алынды. Нәтижесінде қазір отандық нарықты айына 60 тонна моцарелламен қамтып отыр. Сұраныс артып келеді. Сондықтан компания басшылығы келесі айда өнім көлемін 80 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.

Вера Алексеева, «Камертон» компаниясының өндіріс директоры:

– «KazakhExport» бізбен бес жылдан бері жұмыс істеп келеді. Олар біздің Ресейге жіберген тауарларымызды сақтандырып отырды. Енді міне, Өзбекстан нарығына жол ашылып отыр. Олар бізге сол жақтанда клиенттер ұсынады.

Карантин кезінде компания жұмысы күшеймесе бәсеңдеген жоқ. Ірімшік жасаушылар күні-түні тынбай тер төгіп, өнім көлемін екі есеге көбейтіп, тәулігіне 5 тоннаға жеткізді. Компания қалдықсыз технологияны қолданады. Сүт ірімшігінің сарысуынан альбумин сүзгісін жасады. Бұл өнімнің жаңа түрлерін шығаруға мүмкіндік берді. Енді әртүрлі тәттілер мен сарысу сусындары осы жазда дүкен сөрелеріне түседі.

Ирина Зяблицкая, «Камертон» компаниясының бас технологы:

– Мұндағы артықшылық – біз табиғи ірімшікті де, құрамында сүті бар өнімдерді де шығарамыз. Сол секілді табиғи ірімшіктерден бөлек, классикалық және элиталық ірімшіктер бар. Әр өнімнің өзіндік ерекшеліктері болады. Жалпы шикізат түскен кезден бастап, бізге келетін сүт физикалық, химиялық, микробиологиялық көрсеткіштерге тексеріледі.

«Камертон» компаниясы алдағы уақытта экспортты ұлғайтып, Қытай мен Тәжікстан және Өзбекстан нарығына шығуды жоспарлайды.

Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов

Сондай-ақ...