Оңтүстікте бұрын сотты болған азамат балық аулауды кәсіпке айналдырды

Түркістан облысының Иқан ауылында бұрын сотталған азамат өз кәсібін ашты. 5 жылын темір тордың арғы жағында өткізіп келген тұрғын қазір тоған салып, балық өнеркәсібін қолға алған. Енді ол бастаған ісінің берекесін көрсем дейді. Кәсіп иесі балық санын көбейтіп, оны сатуға ниетті.

Қазір Әлішер Мүслімовтың таңы өзгеше атады. Ертемен қайығын жүзуге қамдап, балықтарын қоректендіреді. Кәсібін нольден бастаған ол бүгінде балық санын көбейткен. Бос жерден 3 тоған қазып, оны өзен суымен толтырыпты. 

Әлішер Мүслімов, Иқан ауылының тұрғыны:

- Келешекте турист орталығы болады деген оймен айналасын тегістеп, туралап жатырмын. Сосна егіп, сонымен ел келіп, осы жерде балығын ұстап, тірі балықты жеп, осылай бір әдемі жер болады деген ойда істеп жатырмыз. 

Әлішер Мүслімов 2015 жылы төбелес үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Оның 5 жылын өтегеннен кейін үлгілі тәртібі үшін шартты түрде босатылған. Содан бері кәсіпкер пробациялық бақылауда.

Әлішер Мүслімов, Иқан ауылының тұрғыны:

- Алдынырақта бір ой болған. Шықсам, бұйырса осы іске бел буып кірісемін дегем. Сонымен келдім. Пробацияға бақылауға тұрдым. Пробация қызметкерлімен ақылдасып, олар да «істесең, біз де көмегімізді береміз» деп қашан да қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан менде артымда тірек болған сияқты болды да, қорықпастан тәуекел қылып, осы дәрежеге әкелдік қой. 

Темір тордан босап шығып, өз ісін бастағандар аз емес. Әлішер оларды қарапайым өмірге бейімдеудің тамаша үлгісі. Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілдері осылай деді.

Атабек Исаев, облыстық ҚАЖД Пробация бөлімінің басшысы:

- Есепте тұрған сотталған азаматтарға өздерінің шағын бизнесін дамыту үшін пробация қызметі тарапынан алдымен «Бастау бизнесін» оқу үшін сертификат алынып беріледі. Яғни 1 ай көлемінде оқу оқып, білім алады сол бағыт бойынша. Әрі қарай өзінің таңдаған бизнесі бойынша жұмыс жасап, шағын несие алуына, жәрдемақы алуына көмек көрсетіледі. Қазір мысал үшін есепте тұратын азаматтардың ішінде көбісі мал шаруашылығымен айналысқысы келеді. 

Әлішер Мүслімов мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қазір кәсібін дөңгелетіп, ірі балық зауыттарымен бірлесе жұмыс істеуді көздеп отыр. 

Асланбек Шығыр, Рауль Габитов, Ерболат Әбішов