Қазақстанда электронды сауда үлесі артып келеді

2025 жылға қарай елде электронды сауданың үлесі 809 миллиард теңгеге жетеді. Еуромонитор сарапшылары осындай болжам жасады.

Олардың айтуынша, цифрлық экономикаға көшу үрдістері соңғы бес жылдан бері дамып келеді. Коронавирус пандемиясы оның қарқынын арттырды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр бөлшек сауданың 4,1 проценті цифрлық жүйе арқылы жасалған. 2019 жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп. Көтерме саудада осындай жағдай. Қазақстандықтар интернет арқылы көбіне электронды тауарлар, киім-кешек сатып алады екен. Интернет арқылы қызмет алу көрсеткіші де алдыңғы жылмен салыстырғанда екі еседей өскен. Жұрттың цифрлық төлемге жедел көшуіне банктердің мобильді қосымшалары серпін берді. Мәселен, бізде онлайн төлемнің 83 проценті осындай қосымша арқылы жасалған.

«eMarketer» сарапшыларының болжамы бойынша биыл әлемде онлайн сауда жасаушылар саны 2 миллиардтан асады. Осылайша бөлшек сауданың 18 проценті цифрлық форматта жасалады.