Алматыда құрғақ түйе сүтін шығаратын зауыт ашылды 

Алматы облысының Іле ауданында ұнтақталған түйе сүтін өңдейтін зауыт іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәулігіне бір тонна дайын өнім беретін нысанды белгілі кәсіпкер Сыдық Дәулетов ашты. Бүгін толық циклды зауыттың алғашқы тауары экспортқа жіберілді. Оған қоса кәсіпкер Тұңғыш Президент күніне орай ауылдағы көпбалалы отбасына жаңа үйдің кілтін табыстады.

Бүгін Ақши ауылында қос қуаныш. Осы өңірде түйе өсіретін «Дәулет-Бекет» шаруашылығы қазақстандықтарға жақсы таныс. Кәсібін 5-6 түйемен бастаған кәсіпкердің бүгінде 5 мың бас түйесі бар. Жайылым мен мал азығы да өзінен. Сондықтан дәруменге бай таза сүт сауылады. Ал толық циклды зауыт тәулігіне 20 тонна сүттен 1 тонна құрғақ сүт шығарады. Зауытқа 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынған. Өндіріс 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Сыдық Дәулетов, «Дәулет-Бекет» ЖШС директоры

– Келесі жылы түйе етін өңдейтін зауыт осы жерден, сосын жүнінен киімдер тоқитын мынау Оңтүстік Кореялық технологиямен үлкен фабрикалар салынады. Сосын мынау косметика, бетмай шығаратын үлкен фабрикалар ашылады. Сонда келешкте Ақши ең үлкен индустриялды аймаққа айналады.

Шаруашылықтың қарамағында 28 мың гектар жайылым мен 300 гектар шабындық жер бар. Бұл болашақта түйе санын 15 мыңға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Кәсіпкер қайырымдылыққа да көңіл бөліп тұрады. Шаруашылық иесі Ақши ауылындағы 7 балалы отбасына жаңа үй салып берді. Бүгін кілтін табыстап, жаңа қоныспен құттықтады.

Ауыл тұрғыны:

– Салып берген кісіге Алла разы болсын, деймін. Дені сау болсын, бала-шағасының қызығын көрсін деймін.

Жаңа зауытпен толыққан Іле ауданында жыл соңына дейін тағы 15 кәсіпорын іске қосылады. 12 өндіріс ісі кеңейтіліп, көптеген жұмыс орны ашылады.

Бағдат Қарасаев, Іле ауданының әкімі:

– Биылғы жылы 3600-дей жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлап отырмыз. Ауданымызға 122 миллиард теңге инвестиция тартылмақ. Бүгінгі күні 11 айдың қорытындысы бойынша 100,3 млрд теңге инвестиция ауданға тартылды.

Өнеркәсіптік ауданда шағын және орта бизнес субьектілері жылына 354 миллиард теңгенің өнімін шығарып, бюджетке 50 миллиард теңге салық төлеген.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев