ШҚО-да қандастар грантқа ие болып, тігін цехын ашты

Шығыс Қазақстан облысында алыс және жақын шетелден көшіп келген қандастар ұлттық қолөнерді жаңғыртып жатыр. Мәселен, Зайсан ауданында тұратын бірнеше азамат ұмыт бола бастаған ісмерлікті кәсіп көзіне айналдырып, табыс тауып жүр. Бірі киіз үй, екіншісі ат әбзелдерін жасайды. Көгедай ауылының тұрғыны мемлекеттік грантқа ие болып, тігін цехын ашқан.

Нәзигүл Әуелбек Қазақстанға осыдан 11 жыл бұрын көршілес Қытай Халық Республикасынан көшіп келген. Бірден мал шаруашылығымен айналысуды қолға алып, бос уақытын ұлттық қолөнерді дамытуға арнады. Оның қолына тиген табиғи материалдар кілем мен киімге, кенеп пен көздің жауын алатын түрлі картиналарға айналып шыға келеді. Ол өзінің бойындағы ұлттық өнерге деген әуестікті бұл күнде кәсіп көзіне айналдырып та үлгірді.

Нәзигүл Әуелбек, Көгедай ауылының тұрғыны:

- Бір жағы денсаулыққа да пайдалы мынау тоқыма, мына бізкестелер. Бос уақытымда осы тоқымамен, тігіншілікпен айналысамын. Үкіметтің тиімді саясаты болып, қайтарымсыз грант берді 240 мың. Оған машина алдым. Онымен де тігіп кестелерді, қыздардың жасауын сатамын ара-тұра үйден. Енді былай базарға шығуға менің уақытым да жоқ, мал шаруашылығымен айналысамын.

Нәзигүл өзінің әрбір туындысының адамға үлкен ой саларлықтай дүние болып шыққанын қалайды. Соның ішіндегі ең бағалысы данышпан Абайдың портреті және ана мен бала картинасы. Ал сайын даланың сәйгүлігі бостандықтың нышаны іспетті. Осындай бір туындыны әзірлеу үшін ісмерге шамамен екі айдай уақыт керек екен.

Айсұлу Мәсәлімова, Көгедай ауылының тұрғыны:

- Бұл екінің бірінің қолынан келмейді. Бал тамған тігінші бұл кісі қолынан, бес саусағынан өнер тамған. Енді мұның барлығын, сызбасын да өзі сызады. Қаншама халықтың тапсырысын орындайды. Сонымен өзінің тіршілігін жасап, өз нанын өзі тауып жеп отырған адам бұл кісі.

Нәзигүл ынталы ауыл жастарын ұлттық қолөнерге баулып жүр. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, өз кәсібін кеңейтуге ниетті.

Ерболат Кәрімов, Зайсан аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы:

- Былтыр бізде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында көшіп келушілердің квотасына енгізілетін қандастарымыз бар. Оларды біз жұмыспен қамтуға жәрдемдесеміз. Көшіп келушілерге грант беруге жәрдемдесеміз. Соның ішінде бізде қандасымыз грант алып, өз кәсіпкерліктерін бастады.

Зайсан ауданындағы қандастарымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ал бос уақыттарын ұлттық қолөнерді дамытуға жұмсайды. Өткен жылы бұл бағыт бойынша аудандық бюджеттен 3 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов