Инфляцияны тізгіндей алмаған Үкімет Президенттің сынына ілікті

Күзде Үкіметте кадрлық өзгеріс болуы мүмкін. «Босаңсуға болмайды». Бүгін Президент жұмысы сылбыр министрлерді сынға алып, сөгіс жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы жұртты қос бүйірден қысқан қымбатшылықты тізгіндеуді тапсырды. «Халықтың табысын арттыру керек» деді. Сосын бірқатар өзгеріс болатынын айтты. Инфляция ырыққа көнбей барады. Қазір бұл көрсеткіш 14,5 процентке жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып түсті. Ақжағалылар инфляцияны тізгіндей алмады. Сол үшін бүгін тұтас үкімет Президенттің сынына ілікті. 

ҮКІМЕТ ПРЕЗИДЕНТТІҢ СЫНЫНА ІЛІКТІ

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал шын мәнінде, керісінше болуы керек.

ҮКІМЕТ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ӨҢІРЛЕРГЕ АРТЫП ҚОЙҒАН

Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойған. Жаңа тәсіл мен идея жоқ. Мемлекет басшысы «мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес» деді. Осыдан екі жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық тауарды тарату жүйесін іске қосуды тапсырған еді. Бірақ әлі нәтиже жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкімет оны іске асыруды кейінге қалдырды. Жоспарлар мен жария мәлімдемелер қағаз жүзінде қалды. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік бойынша ірі кәсіпкерлермен бірлесіп, көтерме сауда орталықтарын салу жобалары іске асырылмаған. Қазан айында Үкіметке осы бағытта атқарылған істер туралы есеп беруді тапсырамын. Бұл жұмысқа мүдделі инвесторларды тартыңыздар. Сонымен қатар бүгінде жекелеген өнімдерді экспорттауға тыйым салу туралы шешімдер тауар балансы ескерілмей қабылданатын болды. Бұл не тапшылыққа, не қажетті тауар өндірісіне деген сұраныстың төмендеуіне әкеледі. Салдарынан мұндай шаралардың тиімділігі күрт төмендейді.

ӨНІМ САТУДА КЕДЕРГІ КӨП

Азық-түлік қауіпсіздігі қашан да маңызды болған. Маңыздылығын жоймайды. Сайып келгенде бұл – ұлттық қауіпсіздік. Сондықтан Мемлекет басшысы алдын ала сатып алу тәсілін кеңірек қолдануды міндеттеген еді. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы министрлігі нәтиже көрсетті. Дегенмен алдын ала сатып алудың ішкі нарыққа тигізіп жатқан шарапаты шамалы. Сондықтан өнімді ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу керек. Мұнымен енді құзырлы министрліктер айналысады. Тағы бір өзекті мәселе...

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тағы бір өзекті мәселе – өнімді сату. Өкінішке қарай, еліміздегі өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейді. Импортпен қатар, ішкі кедергілер де бар. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды. Басқа да талаптар бар. Әрине мұның бәрін біртіндеп ретке келтірген жөн.

«ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ БАСТАЛАДЫ

Бұл орайда Мемлекет басшысы шаруаларға қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді міндеттеді. «Керек болса, «Атамекен» палатасын осы жұмысқа тарту керек», деді. Енді шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету керек. Бұл – өте маңызды мәселе.  Сондай-ақ, өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагерлер санын азайту қажет. Ол үшін ең алдымен, жедел түрде тиісті заңнамалық шараларды қабылдауымыз керек. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастау үшін ұсыныстар әзірлеуі тиіс.

САУДА ЖҮЙЕСІ ТӘРТІПКЕ КЕЛТІРІЛЕДІ

Сауда жүйесін тәртіпке келтіру керек. Себебі  әл осы сауда-саттықта көлеңкелі экономиканың деңгейі ең жоғары – 40%. Алып-сатарлық, бағаны негізсіз өсіру, қолдан жасалатын тапшылық – бұдан өзге де заңсыздық толып жатыр. Осының бәрі айналып келгенде, тауар құнына әсер етеді. Халықтың қалтасын қағады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

֪– Үкімет Бас прокуратурамен бірлесе отырып, сауда орындары әкімшілігінің заңсыз іс-әрекетінен сатушыларды қорғау, адал бәсекелестікті сақтау үшін меншік иелерінің жауапкершілігін күшейту шараларын әзірлеуі қажет. Үкімет пен әкімдерден қолданыстағы тәсілдердің тиімділігін арттыру, сондай-ақ жұмысқа жаңа әдістерді енгізу бойынша нақты қадамдар күтемін.

ПРЕЗИДЕНТ МИНИСТРЛЕРГЕ СӨГІС ЖАРИЯЛАДЫ

Әлемде азық-түлік бағасы 34 процентке қымбаттаған. Қуаңшылықтың салдарынан Еуроодақ, АҚШ, Канада және өзге елдегі астық өнімділігі азаяды деп жатыр. Бізде де ауыл шаруашылық өнімдерін өсіру қарқыны баяулаған. Сары май өндірісі – 12%, өңделген сүт – 7,5%, қант – 5,6%, ірімшік – 3% қысқарған. Ал импорт 22%-ке өсіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жауапты министрліктер 2023 жылы Қазақстан құс еті, шұжық өнімдері, балық, ірімшік пен қатық, қант, сүт өнімі бойынша импорттан тәуелсіз болатынын айтқан. Алайда қазір басқа жағдайды көріп отырмыз.

Президенттің меңзегені – қант. Жұрт құмшекер таппай кетті. Тапса да, екі-үш келіден ғана берілетін болды. Бұрын іске қосылған жеті қант зауытының бүгінде төртеуі ғана жұмыс істейді. Оның өзінде толық қуаттылықта емес. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға қарай қызылша қантының үлесін 6 есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бірақ соңғы төрт жылда қант қызылшасының аумағы үштен бірге азайған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз импортталатын қантқа 90 процентке тәуелдіміз. Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі шешімдерді алға тартуға болады. Бірақ бұл Үкіметтің үлкен олқылығы. Яғни олар мемлекет ұстанымын қорғамаған. Сондықтан мен министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын.

Осыдан соң Мемлекет басшысы Үкіметке шұғыл түрде қант саласын дамыту бойынша жеке салалық жоба әзірлеуге пәрмен берді. Қимылдап, шұғыл шешім қабылдамаса болмайды. Әйтпесе дүкендерден талай масқараны көреміз. Көріп те жатырмыз. Осылай деп үкіметтілердің айыбын бетіне басқан Мемлекет басшысы тұтас агро саланы дамытпаса болмайды деді. Ал бұл орайда ең адымен техникаларды жаңартпақ керек. Дені шіріген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаппай жаңарту қажет. Мүмкін болатын барлық қаржыландыру көзін пайдалану маңызды. Ауыл шаруашылығы техникасын «Оператор» РОП есебінен сатып алу үшін жеңілдікпен несиелеу механизмін енгізуді тапсырамын. Өсімдік шаруашылығының өнімділігі әлемдік деңгейден айтарлықтай артта қалды. Шаруаларды отандық тұқыммен қамтамасыз ету 51 процент қана. Картоп пен қант қызылшасында бұл көрсеткіш 10 проценттен де аспайды. Біз импорттық тұқымға қатты тәуелдіміз. Үкімет тұқым шаруашылығын дамытуы керек.

Қ.ТОҚАЕВ: АҚОРДАНЫҢ ЖОЛЫ ҚҰРАҚ КӨРПЕ СИЯҚТЫ

Агро саладағы тапсырма осы. Ендігі мәселе жол. Биыл 11 мың шақырымнан астам жолға жөндеу жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бірақ, бізде жөндеу жұмыстары сағызша созылып кететіні жасырын емес. Әрі бұл саланы жемқорлық жайлаған. Өзгесін былай қойыңыз, Ақордаға апаратын жолдың өзі бас бармақпен бағалайтындай емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау. Жалпы бұл салада қордаланған мәселе көп. Тендерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Осының бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Жарты жыл өтті. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ (464 млрд. теңгенің 263 млрд. теңгесі бойынша мемлекеттік сатып алу қорытындысы бар). Бұл жұмыс Павлодар (17%), Маңғыстау (24%) және Батыс Қазақстан (27%) облыстарында өте баяу жүруде.

«ҚАЗАВТОЖОЛ» МЕН «КАЗАХАВТОДОР» БІРІКТІРІЛЕДІ

Елде жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар. Бірақ отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. «Мұны, тіпті, қолдан жасалған тапшылық деуге болады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондықтан Үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралауды міндеттеді. Соның негізінде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашылмақ. Ал жұмыс істеп тұрғандары жаңғыртылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу. 2019 жылдан бері автожол саласында құны 1,5 триллион теңге болатын мемлекеттік келісімшарттар жасалды. Соның 40 пайызын шетелдіктердің қатысы бар компаниялар ұтып алған. Біз шетелдік серіктестерімізге қолдау көрсетеміз. Олар үшін нарық әрдайым ашық болады. Бірақ, отандық компанияларымыз белсене қатыспайды.

Саланы енді түбегейлі реформа күтіп тұр. Қазір елдегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуінің илегені бір терінің пұшпағы. Жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Президент «екі операторды қосу керек» деді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде қызметкерлердің саны да қысқаратын болады. Жалпы бұл саланы кешенді түрде қайта жаңғырту керек.

ПРЕЗИДЕНТ ҮКІМЕТТІҢ ЖҰМЫСЫНА ОРТАША БАҒА БЕРДІ

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

Президент Үкіметтің жұмысына орташа деген баға берді. Сөз соңында «босаңсуға болмайды» деп ескертті. Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керек. Ал күзге қарай кадрлық өзгерістер болып қалуы кәдік.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы