Грузияға Қазақстаннан темір жолмен жеткен жүк көлемі рекорд көрсеткішке жетті

Грузия билік өкілдері Азия елдерінен, оның арасында Қазақстаннан да темір жолмен жүк тасымалы рекордтық көрсеткішке жеткенін мәлімдеді.

Сарапшылардың айтуынша, бұл қос ел арасында экономикалық қатынастардың нығаюын көрсетіп отыр. Шілде айында Нұр-Сұлтанда Транскаспий бағдарының мәселелерін талқылаған екі елдің басшылары тап осыған екпін жасаған болатын.

Грузия теміржолының жарты жылдағы жүк айналымы былтығымен салыстырғанда 13%-ке өсті.  Қытай, Әзербайжан, Түркменстан, Өзбекстан және Қазақстаннан жүк тасымалының көлемі едәуір артты. Жалпы алты айда 6 жарым миллион тоннадан астам жүк тасымалдаған. Алайда кедендік рәсімдеу және салықтарға қатысты мәселелер бар, сондықтан Баку – Тбилиси - Карс жолы тасымалдаушылар үшін  әлі де қымбат болып тұр.

Васо Урушадзе, көлік саласының сарапшысы:

- Көлік дәлізі арқылы қозғалуға кедергі жасайтын бар түйткілдерді алып тастау керек. Грузия, Әзербайжан және Қазақстан барлық мәселелерді бірлесіп шешуі қажет. Ең бастысы өз пайдасын ғана емес, ортақ мүддеге жұмыс істеген жөн. Егер осы елдердің үкіметтері жүк тасымалы жөнінде мемлекеттік деңгейде шешім қабылдаса, бәрімізге жақсы болар еді.

Шілде айында Қазақстанға жасаған сапары барысында Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили теміржол мен теңіз айлақтарында инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастап, тарифтерді қайта қарау қажеттігін айтқан. Елдер арасында түрлі салаларда ынтымақтастықты дамытудың әлеуеті зор. Биыл Қазақстан мен Грузия арасында тауар айналымы төрт есе артты. Грузия бизнесмендері жаңа кездесулер өткізуді көздеп отыр.

Георгий Джахуташвили, Қазақстанның Грузиядағы құрметті консулы:

- Грузия кәсіпкерлері Қазақстандағы бизнес ахуалмен жақынырақ танысуы керек деп ойлаймын. Өз салалары бойынша жүйелі жұмыс қажет. Қазақстанның қай жерінде қандай мүмкіндіктер бар екенін білу үшін.

Күзде Грузиядан Қазақстанға арнайы делегация келеді. Бұл сапарға Грузияның 70-тен аса компаниясы қызуғышылық танытты. Яғни жақын арада қос елдің экономикалық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріледі.  

Юлия Тужилкина