Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,5% деңгейінде сақтап қалу туралы шешім қабылдады.

Мамандар экономикалық жағдайды, тәуекелдер теңгерімін, сондай-ақ жаңартылған болжамдарды ескере отырып осындай ұйғарымға келіпті. Бұл туралы арнайы брифингте айтылды.

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,5% деңгейінде қалдырды. ҚҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, инфляцияның өсуіне төтеп беру үшін осындай шешім қабылданып отыр. БАҚ өкілдеріне арналған брифингте оның экономикаға тигізер әсері де назардан тыс қалған жоқ. 

Ғалымжан Пірматов, Қазақстан Ұлттық банк төрағасы:

- Жылдық мәнде инфляция 16,1%-ға жетті. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі жылдық мәнде 20,8%-ға жетіп, ең көп үлес қосуды жалғастыруда. Азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорттық тауарлардың қымбаттауына байланысты 15,5%-ға дейін өсті. Атап айтқанда, бұл сұраныстың өсуі аясында шаруашылық тауарларына, сондай-ақ кеңсе тауарларына қатысты болды.

Мөлшерлеменің өзгеруі экономикалық жағдайға, логистикалық қызметтер құнының өсуіне байланысты болып отыр. Дегенмен, әлемде азық-түлік бағасы төмендеп келеді, - дейді мамандар. Ал нарықта құны шарықтап тұрған – шаруашылық тауарлары, қант, ұн, жарма және макарон өнімдері.

Ғалымжан Пірматов, Қазақстан Ұлттық банк төрағасы:

- Биылғы жылдың шілде және тамыз айларында ФАО азық-түлік бағасының индексі тиісінше 9%-ға және 1,9%-ға айтарлықтай төмендеді. Бұл негізінен өсімдік майы мен дәнді дақылдар бағасының төмендеуі нәтижесінде орын алды.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, кредиттің берілуіне немесе проценті өсуіне базалық мөлшерлеменің еш қатысы жоқ. Оны банктердің өзі белгілейді. Ал базалық мөлшерлемені көтеру – қазіргідей тұрақсыз инфляцияның ағынына қарсы тұру үшін дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп қабылданған шешім. 

Гүлзия Нақыпқызы, Асхат Қарақойшиев