Астанада бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Астанада Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқарамасының ұйымдастыруымен кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

60 компания нарыққа қажетті мамандарға сұраныс танытты.

Бас қалада сауда, көлік тасымалы, құрылыс, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету және басқа салалар бойынша 1600-ден аса бос жұмыс орны бар. Жалақы мөлшері 60 мыңнан 400 мың теңгеге дейін. Жұмыс берушілер еңбек жәрмеңкесіне қызығушылық танытушылар жыл сайын артып келе жатқанын айтады. 

Хамида Жарықасым, микроқаржы ұйымының өкілі:

- Қазір 5-6 адаммен сөйлесіп үлгірдім. Ішінен 2-3 кандидат қарастыруға болады. Бізде микроқаржы ұйымы біз бүкіл Қазақстан бойынша бармыз. Офистерге бізге біріншіден менеджерлер, біріншіден клиенттермен жұмыс жасайтын менеджерлер, кассирлер керек. Без опыта да қарай береміз, бізде карьерный рост өте жылдам.

Жұмыс іздеушілер арасында тәжірибесі бар мамандармен қатар, еңбек жолын енді бастаған жастар да басым. 

Гүлдана Жарылқапқызы, қала тұрғыны:

- Мамандығым ақпараттық жүйелер мамандығы. 2-3 мекемемен сөйлестім. Жақсы, оң жауаптар алдым, анкета толтырдым, хабарласатын кісілер болды. Көбісі білмейді ғой бос жұмыс орындарын қайдан іздеу керек екенін. Осылай көптен шығарылып тұрса жас мамандар өздеріне керек жұмыстарын табады деп ойлаймын.

Илья Скуб, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:

- Жыл басынан бері түрлі сала бойынша 700-ден астам адамды жұмысқа орналастырдық. Әлеуметтік осал топ өкілдерін, мүмкіндігі шектеулі жандарды, бұрынғы сотталған азаматтарды және жастарды еңбекпен қамтуға басымдық береміз.

Жыл басынан бері 304 жұмыс берушінің қатысуымен 5-рет жәрмеңке өткізілді. Онда өндіріс, қаржы, сақтандыру қызметі секілді түрлі сала бойынша 8 мыңнан аса бос орын ұсынылды.

Рухани Асқар, Болатбек Табалдиев