Елімізден Өзбекстанға IT-технология экспорты артты

Бұл жолы Өзбекстан Самарқандты арнайы орталыққа айналдыруды көздеп отыр. Қазірдің өзінде бірқатар әлемдік технология күнгейдегі көршімізге экспортталады. Соның ішінде қазақстандық жобалар да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Астаналық IT хаб өкілдері Самарқандқа саяхаттап келген жоқ. Мұнда еліміздің жоғары технология саласындағы мүмкіндіктері кеңінен таныстырылып жатыр. Көлік қозғалысын бақылап, ереже бұзғандарды анықтайтын ақылды жүйе Наманған қаласына енгізілді. Жоба жетекшілері жергілікті әкімдікпен тиімді шарт жасасқан. Ал автомобиль тұрағын реттейтін бұл жоба Ташкентте таяуда ғана пайда болды. Soft бағдарлама елімізде жасалып, көршімізге экспортталған.

Саидалихон Хакимов, қазақстандық жоба өкілі:

Орталық кеңсеміз Қазақстанда. Ташкентте 4 нысанға қондырғыларды орнаттық. 2023 жылы тағы 10-нан аса мекемеден тапсырыс түсіп жатыр.

Өзбекстан шетелдік айти мамандарға жайлы жағдай ұсынып отыр. Себебі мұнда адам капиталы көп. Шетелдік компаниялар арқылы жергілікті халық еңбекпен қамтылады. 

Шерзод Шерматов Өзбекстанның ақпараттық технологияны дамыту және коммуникация министрі:

– Біз Қазақстанмен бұл салада бәсекелес емеспіз. Арада тиімді ынтымақтастық орнатып, бір-бірімізді толықтыруымыз қажет. Өзбекстанға батыс елдерінен көп тапсырыс түседі. Былтыр айти саладағы экспортымыз 100 млн долларға жетті.

Ақпараттық технология мемлекеттер арасын жақындастырады. Бұдан бұрын өзара сауда айналымында IT тауар түсінігі болмаған. Қазақстан да Өзбекстан секілді экспорттық әлеуетін арттырып келеді. 2018 жылдан бері еліміз 223 миллион доллардың айти өнімін сыртқа жөнелтті. Жалпы Самарқандқа қазақстандық делегацияны цифрлық даму министрі бастап келді. Түрлі өнертабыс, соның ішінде онлайн ипотека, проактивті мемлекеттік қызмет және банк жүйесіндегі озық технологиялар таныстырылды.

Ерлан Ерболатов, жоба жетекшісі:

Жүйеміз сертификаттау талаптарынан өтті. Барлық стандартқа сай. Экспортқа шығарылып жатыр. Наманғанда 18 бейнабақылау кешені орнатылды. Алдағы уақытта басқа да елдің нарықтарына шығамыз. Кезекте Тәжікстан бар.

Самарқанд – Өзбекстандағы екінші ірі мегаполис. Осыдан 1 ай бұрын өткен Шанхай сегіздігінің саммитінен кейін бұл мәртебеге әбден лайық екенін дәлелдеді. Қала келешекте Орталық Азияның тағы бір айти хабына айналуы мүмкін. Бұл бағытта көршілес мемлекеттер бірін-бірі қолдауды көздейді.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатуляганов