Қызылорда облысында экспорт көлемі артты
Қызылорда облысынан экспортқа шығатын өнім көлемі соңғы 3 жылда 80% артты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Яғни, кәсіпкерлер палатасы арқылы рәсімделетін арнайы сертификатқа сұраныс көбейген. Мәселен, 2019 жылы мыңнан астам экспорттық құжат берілген болса, бұл көрсеткіш былтыр 1 829-ға жетті. Өңірден балық пен күріш көп экспортталады. Бұдан өзге, мұнай өнімдері, цемент, кварц құмы бар. Сондай-ақ өткен жылдың соңынан бері шыны тауарлары сыртқа шығарыла бастаған. Шыны зауыты өнімдердің алғашқы легі Өзбекстан, Тәжікстан, Ресейге жіберілген. Сонымен қатар, Қызылорда облысында былтыр өндірілген тауарлар Украина, Тәжікстан, Грузия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерге экспортталған.
Пірмұхаммед Сыздықов, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының басшысы:
- Ең қиын, ең ауыры, күрделі жүретіні Франция мен Қытайдың арасындағы келісімшарт. Олар тауарға өте мұқият қарайды. Сондада болса, бізде осы балық өінімі Қазалы мен Аралдан Франция мен Қытайға жөнелтіліп отыр. Бізден бірде бір тауар дұрыс емес деп қайтып келген жоқ.