Қазақстан экономикасы 3,1%-ке өсті
Өткен жылы мемлекеттік бюджеттің кірістері 15,7 трлн теңгеге артық орындалып, шығыстар 98%-ке орындалды.
Бұл әлеуметтік міндеттемелерді орындап, барлық саладағы даму бағдарламаларын қаржыландыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 675 объектінің 367-сі бәсекелестік ортаға берілген. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде айтылды. Жиын барысында бюджеттік жоспарлау, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру, сондай-ақ қаржы саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Үкіметтің алдында экономикадағы жеке сектордың үлесін арттыру міндеті тұр. Бұл мәселені шешудің негізгі факторы жекешелендірудің кешенді жоспарын уақыты іске асыру болып қала береді. Ағымдағы жылы жаңа айтылғандай, жоспардың 90%-і іске асуы керек. Бұл жұмыста өткен жылдардың тәжірибесін ескеріп, жекешелендіру жоспарын толықтыру үшін мемлекеттік мүлікке қосымша ревизия жүргізу қажет. Негізгі мақсат – ол мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ке дейін қысқарту. Жалпы мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі жұмыс жыл сайын Парламентке ұсынылатын болады. Сондай-ақ экономиканы демонполизациялау бойынша да жүйелі жұмысты жалғастыру қажет.