Давос-2023: Талқыланатын мәселе көп
Швейцарияның Давосында апта бойы Дүниежүзілік экономикалық форум өтті.
Күрделі мәселелер талқыға салынды. Әлемнің түкпір-түкпірінен сарапшылар, лауазымды тұлғалар жиналды. Қадірменді меймандардың қатарында мемлекет басшылары, халықаралық ұйым жетекшілері және ірі бизнес өкілдері бар.
Швейцарияның Давос қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумның бүгін соңғы күні. Шараға әлемнің түкпір-түкпірінен бас-аяғы 2700 адам қатысты. Олардың қатарында 52 мемлекет пен үкімет басшысы бар. Алқалы жиында Оңтүстік Корея, Колумбия мен Филиппин президенттері алғаш рет бой көрсетті.Сонымен қатар, Давосқа 56 қаржы министрі, БҰҰ, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік сауда ұйымы басшылары мен бизнес өкілдері келді. Бірақ шара басталмай жатып, қонақтарды экобелсенділер шерулетіп қарсы алды.
Олар қоршаған ортаны қорғау үшін шұғыл әрекет ету керек деп дабыл қағуда. Қазіргі таңда мұнай саласының алпауыттары бұл мәселеге бей-жай қарайды, тек өз мүдделерін ойлайды-деген пікір білдірді. Форумда экобелсенділердің көшбасшылары да бой көрсетті. Олардың қатарында АҚШ-тың климат жөніндегі елшісі Джон Керри мен үнемі қоршаған ортаның мәселелерін көтеріп жүрген Грета Тунберг те бар.
Джон Керри, АҚШ-тың климат жөніндегі елшісі:
- Бұл күрмеуі қиын мәселені мен жиі көтеріп жүрмін. Әлем елдерін бұған назар аударуын сұраймын. Қазір жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі, зауыттардан шығатын қалдықтар қоршаған ортаға орасан зор қауіп төндіріп тұр. Әсіресе АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан, Индонезия, Мексика, Бразилия мемлекеттерінде зиянды қалдықтардың шығарындылары едәуір көбейіп кетті.
Грета Тунберг, экобелсенді:
- Халықтың жанайқайын биліктегілер есту керек. Шындықты айтқандарды қыспаққа алмау керек. Қоршаған ортаны қорғау дегеніміз экологиялық мәселелерге шұғыл назар аудару деген сөз. Халық айту керек, талап ету керек. Бұл біздің болашағымыз. Өзгеріс болғанын қалаймыз.
Геосаяси тәуекелдер
Дегенмен, климаттан бөлек форумның басты тақырыбы – ыдыраған әлемді ынтымақтастыққа шақыру болды. Атап айтсақ, шараға қатысушылар азық-түлік пен энергетикалық дағдарыс, инфляциямен күресу жолдары, әлеуметтік жағдайды жақсарту және қазіргі геосаяси тәуекелдерге қарсы тұру тақырыптарын талқылады.
Айта кетейік, биыл 53-ші рет өтіп жатқан жиын соңғы жылдардағы ең қиын геосаяси жағдайда, сондай-ақ қаржы және энергетикалық дағдарыс кезінде өтті. Халықаралық энергетикалық агенттік басшысы Фатих Бирольдың пікірінше, биыл ауыр жыл болмақ. Алайда, ол энергия импорттайтын дамушы мемлекеттерге жасалатын қысымды жеңілдету үшін баға тұрақталады деп үміттенеді.
Фатих Бироль, халықаралық энергетикалық агенттік басшысы:
- 2023 жылға жасалатнын болжам көңіл көншітпейді. Мұнай тапшылығы әзірге байқалмағанымен, Қытайдың сұранысы мен Ресейдің ұсынысына қатысты сұрақ көп, белгісіздік басым. Қытай экономикасының дамуы қарқынды жүретін болса, қаржы инсититуттарының сұранысы күрт артып, әлем нарығында көптеген қиындықтар болуы мүмкін.
Энергия импорты
Ал Германияның Қаржы министрі Кристиан Линднер ВВС-ге берген сұхбатында «біз енді Ресейдің энергия импортына тәуелді емеспі» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Германия- Ресей мен Украинадағы қарулы қақтығыстар басталғанан кейін өзінің энергетикалық инфрақұрылымын әртараптандырды. Мәскеу Еуропаға газ тасымалын тоқтатқанына қарамастан, энергия импорттаудың жаңа көздерін тапты. Бұған дейін Германия Ресей газына тәуелді еді. Енді баламалы энергия көздерін іздеуге кірісті. Сөйтіп елде көмір және атом электр станциялары қайта ашылды. Норвегия мен АҚШ сияқты басқа елдерден әкелінетін табиғи газды сақтау қуатын арттырды.
Жүк тасымалын арттыру мәселесі
- Форумда тағы бір мәлімдемеге баса назар аудару керек. Оңтүстік Корея Президенті жаһандық жеткізу тізбегінің тұрақтылығын арттыруға шақырады. Яғни логистиканы дамыту маңызды -дейді ол. Мемлекет басшысы Юн Сук Елдің мәлімдеуінше, бұл халықаралық қауымдастық алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі. Оның сөзінше қазір түрлі геосаяси қиындықтар, Украинадағы шиеленіс тасымалдау жұмыстарына кері әсер етті.
Юн Сук Ел, Оңтүстік Корея Президенті:
- Оңтүстік Корея әлемдік деңгейде технологияға бай мемлекет. Сондай-ақ, елде атом энергетикасының құрылысын жүргізуге қажетті жағдай бар. Біз көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ядролық-энергетикалық технологияны қажет ететін елдермен жұмыс істейтін боламыз.
Биыл Швейцарияның Давос қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форум барысында бірнеше бағытта жүзден аса панельдік сессия өтті. Түрлі маңызды мәлімдеме жасалды. Қатысушылар қаржы мен энергетикадан бастап, қауіпсіздік пен экологияға дейінгі мәселелерді қамтыды. Сұрақ көп, дегенмен, экология, энергетика, логистика және басқа да салалардағы күрмеуі күрделі түйткілдерді шешу үшін бұл форум қомақты қаржы керек екенін тағы бір мәрте көрсетті.