Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 1,6 трлн теңгеге өскен
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары былтыр 14,7 трлн теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 1,6 трлн теңгеге өскен. Бұл жайында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры хабарлады.
Міндетті жарналар есебінен жиналған қаржы қаңтар айында 14,2 трлн теңгеге жетсе, кәсіптік жарналар 445,4 млрд теңге болды. Ең үлкен өсім ерікті жарналарға тиесілі. Ол 2022 жылдың қортыындысы бойынша 3,6 млрд теңгеге жеткен. Мамандардың айтуынша, жинақтардың өсіміне инвестициялық табыс түріндегі кірістер әсер еткен. Бұл сома 914 млрд теңгеден асты. Бір жыл ішінде салымшылардың шоттарына жарна түрінде 1,7 трлн теңге қаражат түсті. Ал тұрғын үй жайын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері 918 млрд теңгені құрады. Жалпы қаңтардағы жағдай бойынша елдегі зейнетақы шоттарының саны 12,1 млн бірлікке жеткен.