Германияда Қазақстан экономикасы күні өтіп жатыр

Гамбургтегі форумда екі ел ынтымақтастығының әлеуеті талқыланды.

Қатысушылар қатарында Гамбург сауда палатасының өкілдері, инвесторлар мен елдің үздік кәсіпкерлері бар. Тараптар қандай салада серіктестік орнатты?

Гамбург сауда палатасының пленарлық залында ине шаншар орын жоқ. Әлемнің ең мықты деген компания өкілдері «Қазақстан экономикасы күні» шарасына жиналды. Инвесторларды Қазақ елінде шетелдік кәсіпкерлер үшін жасалған мүмкіндіктер қызықтырады. Осы орайда біздің делегация бизнес, логистика, энергетика және өнеркәсіп әлеуетін таныстырды. Гамбург Солтүстік Германияның экономикалық локомотиві және Еуропадағы үшінші ірі порт екенін ескерсек, логистика мен тасымалдау тақырыбы аса маңызды.

Мирко Новак, Гамбург сауда палатасы Шығыс Еуропа жұмыс тобының төрағасы:

- Германия кәсіпкерлері Орталық Азияға қызығушылық танытып отыр. Сондықтан бүгінгі шараның маңызы зор. Қазақстан әлеуеті зор мемлекет, әсіресе, логистика саласы. Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік жол ретінде ғана емес, бизнес әріптестік үшін қазақ елінің ішкі нарығы да аса маңызды.  

Жиында  "Астана" халықаралық қаржы орталығы және арнайы экономикалық аймақтар аясындағы жеңілдіктер мен артықшылықтар айтылды. Тағы бір негізгі тақырыптың бірі «баламалы энергияға» арналды. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, біздің еліміз сутегі экспорттаушы 10 ірі елдің құрамына кіре алады. Гамбург компаниялары жаңартылатын энергетика мен логистикада ғана емес, сонымен қатар шикізат секторында да ынтымақтастыққа мүдделі.

Филипп Свеенс, "HHLA INTERNATIONAL Гамбург портының" басқарушы директоры:

- Бүгін танымды форум болды. Қазақстанның әлеуеті қаншалықты зор екенін осы форум аясында түсіндім. Ал біздің компания логистика және көлік саласында тасымалдаумен айналысады. Біз Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат алдық.

Ілияс Оспанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі: 

- Неміс компаниялары барлық бағытта қызығушылық танытты. Әсіресе, логистика және шикізат саласы бойынша. Германия сирек кездесетін металдарды алуға мүдделі. Негізгі шикізат көздері темір, алюминий және мыс. Мәселен, мыс әлемде өте сұранысқа ие және болашақтың металы болады деп саналады.

Былтыр 11 айда Қазақстан мен Гамбург 250 млн еуроға  сауда жасады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 73%-ға көп. Бүгінде Гамбургтің 160  компаниясы Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан.

Сымбат Ғалымжанқызы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский