Ұлттық Банк базалық мөлшерлеменің деңгейін өзгеріссіз қалдырды
Мөлшерлемеге қатысты жылына 8 мәрте шешім қабылдайтын Орталық банк былтыр желтоқсанда оның деңгейін 16,75% деп белгілеген еді. Бұл жолы да сол күйінде сақтап қалуға Ұлттық Банктің инфляцияға қатысты жаңартылған болжамдары мен талданған деректер негіз болған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биылғы қаңтарда да жылдық инфляция 20%-дан жоғары болды. Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов инфляцияны тудыратын ішкі-сыртқы тәуекелдер әлі де болса жоғары екенін айтады. Дегенмен бұл жолы да қымбатшылыққа әсер етуі мүмкін факторлар қайта қаралып, инфляциялық болжамдардың төмендегенін аңғаруға болады. Ұлттық Банктің болжамына сүйенсек, биыл инфляция деңгейі 9-12%-ке, 2024 жылы 6-8%, ал, 2025 жылы 4-6%-ке дейін бәсеңдемек.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:
- 2023 жылғы қаңтарда жылдық инфляция, біз күткендей, өсуін жалғастырып, 20,7%-ті құрады. 25,7%-ке дейін жеделдеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосты.
Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, дәл қазіргі жағдай сақталатын болса, базалық мөлшерлеменің бүгінгі деңгейін алғашқы жартыжылдықта өзгертпей ұстап тұруға болады. Бұл инфляцияны тұрақтандыру үшін қажет.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:
- Елдегі инфляциялық процестер біраз тұрақталды. Бірақ жоғары ішкі сұранысқа, логистикалық және өндірістік тізбектердің қайта құрылуына, ынталандырушы фискалдық саясатқа, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулерге байланысты инфляция жоғары деңгейде қалыптасып жатыр.
Ұлттық Банк басшысы өзінің мәлімдемесінде төңіректегі геосаяси ахуалдың белгісіздігінен инфляцияға әсер етерлік сыртқы факторлардың әлі де барын айтып отыр. Оның үстіне қазіргі таңда азық-түлік тауарларының әлемдік бағасы шарықтап тұр. Ал Қазақстанда инфляция қанша қыспаққа алса да, тұтынушы сұранысы төмендеген емес. Сол үшін әзірге мөлшерлеменің деңгейін түсірудің мәнісі жоқ деп санайтын Ұлттық Банк базалық ставкаға қатысты келесі шешімін 7 сәуірде жария етпек.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Асхат Қарақойшиев.