Франциядан тау бөктеріне жайылуға бейімделген қойлар әкелінеді
Францияның тау бөктерін мекен ететін " Орталықтың ақ массиві" атты қой тұқымы Қазақстанға жеткізіледі.
Қатаң климатқа төзімді әрі етті қойды елге жеткізу бойынша келісім Парижде өтіп жатқан көрмеде жасалды. Ауыл шаруашылығы саласының сан түрлі жетістігі ұсынылған жиынға тілшіміз де қатысып қайтты.
Францияда өтіп жатқан ауыл шаруашылығы көрмесіне деген қызығушылық Париждегі дәстүрлі сән апталығынан артық болмаса, кем емес. Қазақстан делегациясын ауыл шаруашылығы министрі бастап, ірі агрохолдинг басшылары қостап келді.
Франция тауларында жайылатын "орталықтың ақ массиві" тұқымына біздің кәсіпкерлер қызығушылық танытты. Сатып алуға келісім жасалды. Күрделі геосаяси жағдайда логистика мәселесі өзекті болғанымен, санитарлық сертификат талаптары Еуропаға өнім экспорттауға мүмкіндік береді.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өнімдерінің нарықты ашу мәселесін талқыладық. Оның ішінде балық, бал, сүт, ет өнімі ол бізге Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына ең алғашқы мақсат біздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне сыртқы нарықты ашу мәселесі. Нәтиже өте жақсы, келісімсөздер жүріп жатыр.
Былтыр Қазақстан мен Еуропа арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда көлемі шамамен 1 миллиард долларды құрады. Ал оның ішінде Франциямен серіктестік – басым бағыттың бірі. Біздің тарапқа бұл елдің озық технологиялары қажет болса, француз мамандары Қазақстанның органикалық азық-түлік өнімдерін өндіру мүмкіндігіне қызығушылық танытты.
Фарид Абитаев, "Astana Business" агрохолдингінің басшысы:
- Біріншіден, біздің фермерлерімізде құзыреттілік аз деп ойлаймын. Бұл ретте біліктілікті арттыру, қосымша білім алу маңызды. Сонымен қатар, генетика мен селекция саласы артта қалып келеді. Өсімдік және мал шаруашылығын дамытуды қолға алған жөн.
Бернард Вала, Ет өндірушілер федерациясының президенті:
- Еуропалық нормаларды қолданатын және өнім сапасына қол жеткізуге мүмкіндік беретін ынтымақтастықты құру үшін бірлескен кәсіпорындар құруды ұсынамын. Өйткені қазақстандық инженерлер мен ветеринарлардың кәсіби деңгейі өте жақсы.
Делегация өкілдері ынтымақтастықты бекемдей түсуге келісті. Бұл тек сатып алу-сату туралы ғана емес, бірлескен өндіріс ашуды да көздейді.
Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан