Елде тау-кен металлургия саласын дамыту мәселесі өзекті болып тұр
Тау-кен металлургия компанияларының қызметі мен саланы дамытудың бірқатар өзекті мәселесі Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.
Кеңеске қатысушылар жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу, перспективалы кен орындарын игеру және шикізат пен отынды тасымалдау үшін теміржол инфрақұрылымын дамыту жоспарларын талқылады. Сонымен қатар теміржол тасымалына тариф белгілеу, өнім экспортын ұлғайту, өнеркәсіп нысандарын газбен қамтамасыз ету және басқа да бірқатар мәселе қозғалды. Кеңеске «Қазақстан темір жолы» және QazaqGaz ұлттық компанияларының, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Премьер-Министр уәкілетті ведомстволарға бизнес өкілдері көтеретін түйткілді мәселелер бойынша шараларды пысықтауды жеделдетуді және келесі кеңесте нақты ұсыныстар беруді тапсырды.