Соңғы жылдары елде 20 900 жалған транзит дерегі анықталған
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жалған импорт пен транзиттің салдарынан ел бюджеті 21 млрд теңгеден қағылды.
Бұл жайлы бүгін сенатор Ғалиасқар Сарыбаев мәлімдеді. «Соңғы жылдары елде 20 900 жалған транзит дерегі анықталған. Әрбір алтыншы автокөлік импортқа қатысы жоқ тұлғалардың мекенжайына жіберілген», - деді депутат. Осы орайда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев одақ ішіндегі тасымалдау кезінде тауарларға навигациялық пломба жабыстыру туралы келісімге қосылу қажеттілігін атап өтті. Бұл пломбалардың арқасында әр кәсіпкер өз тауарының қай жерде екенін біліп отырады. Нәтижесінде ол өнім жоғалып кетпейді, сәйкесінше, бюджетке түсетін салық көлемі де артады. Көлеңкелі тауар айналымына тоқтау қойылады. Сенаторлар тиісті заң жобасын қолдады.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, қаржы министрі:
- Бизнес үшін осы келісімнің тиімділігі - ол өз тауарының одақ кеңістігінде қауіпсіз транзиттеу, мүше мемлекеттердің бақылаушылары тарапынан бақылаудың қосымша шараларын болдырмау мүмкіндігін жасау. Келісім мемлекте үшін халықаралық тасымалдардың ашықтығын, жалған транзит пен жалған импортты болдырмау және тиісінше бюджтке ақша қаражатының түсімдердің ұлғаюына мүмкіндік береді.