Қазақстанда жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды
Енді Отбасы банкінің салымшылары BI Group компаниясы салып жатқан тұрғын үй кешендерінен 30%-тік жарнамен пәтер ала алады.
«Кереге ипотека» деп аталатын бағдарламаның тағы қандай тиімді тұстары бар?
Отбасы банкі мен BI Group құрылыс холдингі үй алудың жаңа жолын ұсынады. «Кереге Ипотека» бағдарламасының талаптары мынадай: бастапқы жарна 30 процент. Салымшылар 100 млн. теңгеге дейінгі соманы 25 жылға 7 процентпен рәсімдей алады. Қаласаңыңз мерзімін қысқартуға болады.
Гүлмира Датқаева, "Отбасы Банк" АҚ сату және өңірлік даму департаментінің директоры:
- BI Group-тан «Кереге Ипотека» бағдарламасы қазақстандықтарға тезірек баспаналы болуға мүмкіндік береді. Тұрғын үйді Baspana Market сайтынан таңдауға болады. Онлайн өтініш беру уақытыңызды үнемдейді, әрі несие беруді ұйымдастыру қызметі екі есе арзанға түседі.
Бағдарламаның тағы бір артықшылығы кепілге сатып алынған үй қойылады. Жинақтың болуы міндетті емес. Шотты сол күні ашып рәсімдеуге болады. Отбасы банкі мен BI Group өкілдері осындай келісімге келіп, ресми құжатқа қол қойды.
Нұрлан Оңғарбаев, BI Group қаржылық технологияларды дамыту бөлімінің басшысы:
- Бірінші этапта біз 27 жилой комплекс қарастырамыз. 4 қалада. Бұл Алматы, Астана, Шымкент және Атырау қалаларында. Оның ішінде 1200 пәтер бар қазіргі таңда.
«Кереге Ипотека» бағдарламасы көпшіліктің сұранысы бойынша іске қосылды. Өйткені, үй алуға әрбір үшінші салымшының бастапқы жарнасы жетпейді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Асхат Қарақойшиев