Ұлытау облысында логистикалық мүмкіндікті арттыру маңызды
«Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында жаңадан Ұлытау облысы құрылсын».
Осынау сүйінші хабарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 16-наурызда Қазақстан халқына арнаған жолдауында айтқан еді.
Ізінше тарихи мекен жеке-дара облыс болып құрылды. Қалауын тапса соңғы ширек ғасыр дамуы кенжелеп қалған өңірдің тамырына қан жүгірту қиын емес. Арада өткен жылға жуық уақытта соның алғышарттары жүзеге аса бастады.
Жаңа облысты құруға пәрмен берген Президент оның алдағы даму жолын да бағамдап берді. Тарихи өңірде туризмді дамытып, өндірістік қуатын пайдалану керек. Ол үшін логистикалық мүмкіндікті арттыру маңызды. Облыс құрылған сәтте алғаш қолға алынған шаруаның бірі осы.
Амандық Рахұлы, ардагер журналист:
- Жезқазған-Арқалық жолының 20 шақырымын жөндеуге конкурс жарияланды. Қарағанды-Жезқазған жолының 30 шақырымына басталады. Сонымен қатар Алматы мен Астанаға Жезқазғаннан тальго пойызының жүруі күнара. Күнделікті Астанаға ұшақтың ұшуы. Осының бәрі халықтың игілігіне жұмыс жасап жатыр.
Ұлытау жаңадан құрылған облыстардың ішінде алғашқы болып 5 жылдық даму жоспарын бекітті. 9 бағытты қамтитын бағдарламаны жүзеге асыруға 1,9 трлн теңге қаражат жұмсалады. Алдағы 2 жылда көпқабатты 20 үй салынады. Агро кешеннің мүмкіндіктерін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігіне басымдық беріледі.
Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
- Азық-түлік мәселесі, біз өндірмейміз, өкінішке орай. Бәрі сырттан келеді. Бізде тек қана ет, ұн, нан ғана. Болды. Алдағы 2-3 жылда осының бәрін қалпына келтіріп, осы 19 маңызды азық-түлік түрінің 13-ін өзімізде шығаратын боламыз.
100 мыңға жуық тұрғыны бар Жезқазған жұрты ауыз судың 50 пайызын ашық су қоймасынан ішіп отыр. 60 шақырым жердегі Үйтас-Айдос жерасты қорынан су айдайтын құбырдың тозығы жеткен. Өңірге жасаған сапары барысында бұл жайында Президент тапсырма берген еді.
Аслан Арынов, Жезқазған қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- ҚР президентінің тапсырмасы бойынша Жезқазған қаласының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Үйтас-Айдос жерасты су құбырларын қайта жаңғырту, модернизациялау жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба 4 этаптан тұрады. Құбырларды ауыстыру жұмыстары басталды. Атқару мерзімі 18 ай. Аяқталу мерзімі осы жылдың аяғы, келер жылдың басы болып келеді.
Аймақта кадр тапшылығы бар. Білім іздеген жастар үлкен қалаларға кетіп, сонда тұрақтап қалады. Сондықтан, биыл Жезқазғанда мемлекеттік техникалық университет ашылады. Базасы мен педагогтық құрамы дайын. 1 қыркүйекте студенттер қабылдауға әзір.
Сәмия Атабаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Қуаныштымыз дәл осылай өзіміздің қаламызда университет ашылып жатқанына. Басқа қалаға қатынамай, басқа жаққа жол жүрмей, ата-анамыздың қасында, өзіміздің үйіміздің жанында болатынына.
Дәл қазір қырдағы елді қынжылтатыны Қызылордамен жалғайтын жолдың жайы. Бұл да биыл шешімін табуы мүмкін. Өткен жылы бөлінген қаржы аздық еткендіктен, тиісті министрлік жобаға түзетулер енгізіп жатыр. Сәтімен жүзеге асса, Ұлытаудың ірі логистикалық орталыққа айналатын күні алыс емес.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев