Қазақстан Қытайға экспортты $1 млрд ұлғайтуға ниетті

Қазақстан Қытайға экспорт көлемін 1 млрд долларға ұлғайтуға ниетті. Ол үшін көрші елге 135 отандық тауар түрін жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министр Әлихан Смайылов елімізге алғаш келген Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Қытай Коммунистік Партиясы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесу барысында екіжақты сауда-саттықты арттыру бойынша оң үрдісті қолдауды ұсынды. Бүгінде Қытай еліміздің ең ірі сауда серіктестері қатарында. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 30 жылдағы рекордтық көрсеткіш 24 млрд долардан асты. Өзара сауданың 40%-тен астамы осы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына тиесілі. Қазақстан мен Қытай құны 21 млрд доллардан асатын 52 бірлескен инвестжобаны іске асырып жатыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин мырзаның тұрақты байланысының арқасында серіктестігіміз жоғары қарқынға ие. Екі мемлекет басшыларының 2030 жылға қарай тауар айналымын 35 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі міндетін ескеретін болсақ, Қазақстанның Шыңжаңмен өзара саудасы бұдан да зор маңызға ие болады. Біз қытайлық әріптестерімізбен бірге осынау биік мақсаттарға жету үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.

Ма Синжуй, ҚХР ШҰАА ҚКП партия комитетінің хатшысы:

- Сапарымның мақсаты – екі мемлекет басшысы қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру және түрлі салалардағы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету. Шыңжаң елеулі нәтиже көрсетіп, Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығының кезекті 30 жылдық «алтын дәуірін» дамытуға үлес қосқысы келеді.