Қытайдан зат тасуда Алтынкөл станциясына ерекше көңіл бөлінеді

Қытайдан тасымалданатын жүкті Орталық Азия елдеріне жеткізу ісінде Алтынкөл станциясына айрықша басымдық беріледі.

Бұл туралы Қытай тарапы Варшавада өткен теміржолдардың ынтымақтастығы ұйымының жиынында мәлімдеді. Өйткені станцияда жүкті қабылдап, жөнелтуге арналған заман талабына сай инфрақұрылым қалыптасқан. Озық техникамен жабдықталған көпфункционалды терминалдар мен құрғақ порт жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Цзинхэ-Алашанькоу бөлігінде екінші теміржол желісі салынып жатыр. Мұндай желі құрылысы Қазақстан аумағында да қарқын алған. Сондықтан 1 сәуірден бастап Қытайдан Орталық Азия елдеріне, Орталық Азиядан Қытай Халық Республикасына Достық-Алашанькоу бағытымен жүк тасымалдау уақытша тоқтатылады. Сәйкесінше жүктің ең негізгі ағыны Алтынкөл-Қорғас пунктіне жіберіледі. Мамандардың айтуынша, бұл қадам жолды 500 шақырымға қысқартып, тауар бағасын 10-15 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.