Сыр өңірінде мал басы көбейгенімен агроөнеркәсіп артта қалып тұр
Қызылорда облысындағы төрт түліктің саны өңірде ең көп мал басы тіркелген 1991 жылғы көрсеткіш деңгейінен асты.
Қазір де түйе боздап, қой қоздап, қорада шу. Қытымыр қыстың қамыты шешіліп, төрт түлік түгел төлдеп жатыр. Сыр елінің шопандары саулығы мен қозысын түгендейтін қызу тірлікке білек сыбана кіріскен. Дәл қазір біздің түсіру тобымыз қарт Қаратаудың баурайындағы жайлауда жүр. Төл аман ба?
Қамбар Бекенов, тілші:
- Мінеки менің қолымда жаңа туған қошақан тұр. Бұл Еділбай тұқымды қойдың қозысы. Біз тұрған Төлес тоған жайлауындағы шопан күніне 30 шақты төлдеген малды отардан бөліп көгенге алып қалады.
Қаратаудың етегін ен жайлаған Жаңақорғанда ата кәсіпті берік ұстанған шаруалар асыл тұқымды мал басын арттыруға бет бұрып, аудан бойынша олардың саны жүз мыңға жуықтап қалған. Жайылма ауылының тұрғыны Талғат Алдабергенұлы 1992 жылы 50 қоймен қожалық құрып, қазір түлік басын мың екі жүзге жеткізіп отыр. Биыл да мың саулықтан жеті жүзден астам қозы алу жоспарында бар. Жалпы мал шаруашылығының ел экономикасындағы салмағы азайғанымен, оның тұрмыстық-шаруашылық мән-мағынасы кеміген жоқ дейді кәнігі шопан. Әсіресе қой өсірудің пайдасы көл-көсір болғандықтан әулетін асырауға жетіп артылатынын айтады. Дегенмен кезінде қаракөл елтірісін Азия, Еуропа тіпті АҚШ-қа импорттаған өңірдің өндірістік әлеуетінен айырылып қалғанына қынжылады.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Қылшық жүнді қойдың не терісін, не жүнін өткізе алмай дал болған малшылар агросалаға жаңа көзқарас, инвестиция керектігін айтады. Шопанды сөзге тартсақ.
Талғат Алдабергенұлы, шопан:
- Әуелде қаракөл тұқымды қой бақтық. Сан жылдар бойы сұрыпталып шыққан етті, құйрықты қойымызға шетелдіктердің қызығушылығы да жоқ емес. Қаракөл елтірісі киім өндірісінде кеңінен пайдаланылады. Бірақ, өз елімізде назардан тыс қалып барады. Егер мемлекеттен қолдау болса, мал шаруашылығы мен тігін өнеркәсібін қатар дамытып, кешенді өнеркәсіпті осы өңірде де жандандыруға болар еді. Жалпы қаракөл шаруашылығы – шөл және шөлейтті аймақтардың экономикасында ерекше орын алатын келешегі мол саланың бірі. Өйткені бұл қой тұқымы ұзақ қашықтықта жайыла алады, ішілген судың жоғары минералдануын және ауа температурасының күрт ауытқуын жақсы көтереді.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Қазіргі таңда жергілікті билік аудан көлемінде тері, жүн өңдеу цехтарын салу жөнінде жеке қожалықтарға ұсыныс айтып жатыр екен. Бірақ ешқандай шаруашылық қызығушылық танытпай отырған көрінеді. Себебі мемлекет тарапынан жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту тетіктері қарастырылмаған. Осы ретте уақ малдың тек етін сататын шаруалар агроөнім өңдеудің кешенді бағдарламасы қабылданса дейді.