Таразда жүргізушілер сұйытылған газдан таршылық көріп жүр
Тараздық жүргізушілер 1 аптадан бері сұйытылған газдан таршылық көріп жүр.
Себебі газ бекеттерінің басым бөлігінде автогаз жоқ. Кейбір жанар май бекеттері, тек талонмен сатып жатыр.
Нысанбек Тәжібаев 3 күннен бері автогаз таппай шарқ ұрып жүргенін айтады. Бірақ бәрі де нәтижесіз. 5 бекетті аралаған зейнеткер, барлық жерде «газ жоқ» деген жазбаға жолықтым, - дейді.
Нысанбек Тәжібаев, қала тұрғыны:
- Эконом болсын деп 180 мың теңгеге газ ортатып, оны да екі ай дегенде зорға төледім. Өзімізден шығатын газға өзімізге жетпейді. Енді не қыламыз?
Қалада газ тапшылығы соңғы 3 тәулікте өршіп кеткен. Бекеттердің бірен-саранында 1000 теңгелік лимитпен құйса, енді бірінде газды тек «талонмен» сатуда.
Жүсіпбек Асылов, қала тұрғыны:
- Барлық жерді талон қылып тастаған. Білмеймін енді талонды қай жерден алуымыз керек бізге? Түсінбейміз. Анадан сұрасақ, акиматқа бар дейді. Акиматқа барсақ, біздер бермейміз дейді.
Проблеманың барын облыстық энергетика басқармасы растады. Олар сұйылтылған көгілдір отынды Ақтөбелік компания жеткізетінін айтуда. Дегенмен, тасымалдауы кешігіп 12 күнге созылғандықтан, келеңсіздік туындаған. Жауаптылар мәселені 3-4 күнде шешпек. Өңірге аттанған 70 вагон сұйтылған газ осы уақыт аралығында аймаққа жетеді.
Мәулен Қожақов, облыстық энергетика басқармасының бөлім басшысы:
- Аталған вагондардың көпшілігі Арыста және Қазалы станцияларында орналасып тұр. Жаңағы 70 вагонда 2520 тонна сұйытылған газ келе жатыр. Күнделікті түрде Қазақстан Темір жолымен байланысқа шығып жиналыстар ұйымдастырып, қай жерде келе жатқаны және олардың тиімді дұрыс ерте келуіне ықпал етіп нестеп жатырмыз.
Жамбыл облысына салалы министрліктен сәуір айына 4200 тонна автогаз бөлінген. Ал өңірде сұраныс көлемі одан екі есе көп. Жауапты ведомства өкілдері, көлемнің кеміп кетуіне Шымкенттегі газ зауытының жөндеуге жабылуы әсер етті, - дейді.
Сәлім Нағым, ҚР Энергетика министрлігінің департамент директоры:
- Наурыз-сәуір айларында Шымкент зауыты тоқтағаннан, оңтүстік облыстарда оның ішінде Жамбыл, Шымкент, Түркістан облыстарында қазір тапшылық бар. 9 сәуірде ремонттан шығады. Содан кейін сұйытылған мұнай газдың тапшылығы азаяды.
Еліміздің оңтүстігінде автогазды бір ғана компания шығарады. Шымкент зауыты айына 25 мың тонна газ өндіреді. Оны Түркістан, Жамбыл мен Алматы облыстарына бөліп тасымалдайды. Сондықтан Әулиеата өңіріне берілетін газ көлемінің жартысын кешіксе де Ақтөбеден алдыруға тура келеді, - дейді министрлік өкілі.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә