Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейін өзгеріссіз қалдырды.
Былтыр желтоқсан айында бекітілген 16,75%-дық мөлшер биыл жыл ортасына дейін сақталуы мүмкін. Мақсат – инфляцияны тудырушы процестерді ұзақ мерзімде бақылап, қымбатшылыққа жол бермеу.
Инфляция елімізде бәсеңдеп келеді. Ендігі мақсат – осы үрдісті тұрақты сақтап қалу. Сол себепті Ұлттық банк бұл жолы да базалық мөлшерлеменің деңгейін сол күйінде қалдырып отыр. Орталық банктің басшысы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, инфляция тұрақты түрде төмендеп келеді деп айтуға әлі ерте. Себебі нарықта оны тудырушы факторлар әлі де болса бар.
Ғалымжан Пірматов ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
- 2022 жылдың басынан бері жылдық инфляция алғаш рет төмендеп, наурызда 18,1% көрсетті. Инфляцияның төмендеуі күтілген жағдай және Ұлттық Банктің болжамдарында ескерілген болатын.
Қысқа мерзімде болса да, инфляцияның екпін алуына түрткі болар бірнеше факторды атауға болады. Оның бірі реттелетін тауарлар мен қызметтердің бағасы. Сосын мемлекеттік бюджеттің шығындарына қатысты жағдай. Бюджеттік ереженің уақытша жұмыс істемеуінің өзі инфляцияны күшейтіп жіберуге қосымша себеп.
Ғалымжан Пірматов ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
- Инфляцияны тұрақты төмендеу траекториясына қол жеткізу біздің негізгі міндетіміз болып қалып отыр. Осыған байланысты Ұлттық Банк бұған дейін айтылған ұстанымына сәйкес, инфляциялық процестердің бәсеңдеуін қолдау мақсатында базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты ендігі шешімі мамыр айында шығады. Жанармай нарығында бағалардың өзгеріп жатқаны, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығындағы уақыты келген реформалар жаңаша болжам жасауға итермелейтіні анық.
Гүлзия Нақыпқызы Асхат Қарақойшиев