«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы өндіріс қуатын еселейді

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр.

Кеніште енді 2 бірдей кокс батареясы пайда болады. Бұл бастама арқылы компания басшылары зауыттың өндіріс қуатын еселеуді көздеп отыр.

Дәл қазір зауытта жаңа металлургиялық қондырғыларды орнату үшін құрылыс алаңы дайындалып жатыр. Кокс батареяларын құрастыруға мамандардың тәжірибесі жеткілікті. Қондырғылардың әрбір блогына 20 мың тоннадан астам отқа төзімді материал қолданылады. 

Игорь Ульяницкий, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бөлім басшысы:

- Кокс пеші өндіріс орнындағы жылу техникасының ең күрделі нысаны. Жаңа құрылғы шикізатты бірден күйдіріп алмай, баяу қыздыруға мүмкіндік береді. Қос батареяны кестеге сай кезең-кезеңімен құрастырамыз.

Заманауи қондырғылар осыған дейінгі батареялармен салыстырғанда әлдеқайда қуатты. Енді жылына 1,5 млн тонна қатты отын шығаруға болады екен. Бұл мөлшер зауыттың қазіргі өндіріс қуатынан екі есе көп көрінеді.

Игорь Ульяницкий, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бөлім басшысы:

- Инвестициялық жоба өндіріс барысына серпін бергелі тұр. Кешенде озық жабдықтар қолданылады. Барлық кокс машиналарын газдан тазартатын заманауи құрылғы болады. Шикізат пен дайын өнімді тасымалдауға да жаңа жабдықтар алынады. 

Инвестициялық жобаның жалпы құны 350 млн доллар шамасында. Жаңарған кешен енді өндіріс қуатының артымен қатар еңбек және экологиялық қауіпсіздікті сақтауға да едәуір ықпал еткелі тұр. Компания ұжымы жоспарланған жұмыстарды тиісті межеде және сапалы аяқтауға күш салып жатыр.   

Еркебұлан Смадияров, Елдар Аюпов