Елімізде көлікке орындық шығаратын зауыт іске қосылады

Қазақстанда алғаш рет автокөлік орындықтарының өндірісі іске қосылады.

Аталған келісімге Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Оңтүстік Кореяға сапары барысында қол қойды. Сондай-ақ елімізде фармацевтикалық зауыт салу және, литий кен орындарын игеру мәселелері қаралды.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бүгін Кореяның жетекші корпорациялары және компания басшыларымен кездесті. Келіссөздер барысында  құрылыс, тау-кен, металлургия кешені саласындағы ынтымақтастық талқыланды. Корей мамандары Қазақстанда екі литий кен орындарын зерттейді. Осы мақсаттарға Кореяның геология және минералдық ресурстар институты өткен жылы шамамен 300 мың доллар бөлді. Литий Кореяда телефонға, ноутбуктерге және электр көліктеріне арналған батареяларды өндіруде қолданылады.

Ли Пен Гу, Корея геология және минералдық ресурстар институтының президенті:

- Мамыр айында зерттеудің бірінші кезеңі аясында Қазақстанға 15 корей маманы барады. Литий көлемі мен оның экономикалық мүмкіндіктері туралы мәліметтерді осы жылдың соңына дейін алуды жоспарлап отырмыз. Қазір біз негізінен литийді Қытайдан аламыз. Бірақ американдық инфляцияны төмендету заңы мен еуропалық минералды заң бар, ол бізге қытайлық шикізатты пайдалануға кедергі жасайды. Оның орнына біз басқа кен орындарын іздеп, игерудеміз. 

Үкіметтік делегацияның Сеулге сапары барысында елімізде авто орындық шығару туралы келісімге қол қойылды. 

Асқар Ибрашев, автокомпоненттерді өндіру компаниясының директоры:

- Жобаны дамытуға шамамен 8-10 миллион доллар инвестиция салынады. Жоба Алматы қаласында индустриялық аймақта әзірленеді. Бұл компания Қазақстанда орындық шығарудың корей технологияларын енгізуге мүмкіндік береді. 

Пак Джонг Бом, автобөлшектер шығаратын корпорацияның төрағасы:

- Қазақстанда автомобиль өнеркәсібі дамуы үшін жергілікті өндірісті жолға қою керек. Ең маңызды келісімнің бірі автокреслоларды шығару. Біз Қазақстанда орындықтар мен басқа да қосалқы бөлшектерді өндіруге, сондай-ақ үздіксіз инвестиция салуға үлес қосуға тырысамыз. Бастапқы кезеңде шамамен 10 миллион еуро инвестиция салынады.

Алматының индустриалды аймағындағы зауыт құрылысы 2023 жылдың 2 тоқсанында басталады. Алғашқы автоорындықтар нарыққа келер жылдың басында шығады.

Владислав Цой, Ольга Лян