Германияда еліміздің инвестиция мүмкіндіктері таныстырылды

Германияның бизнес өкілдері Қазақстанға инвестиция құюға қызығушылық танытты.

Еліміздің Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы мен Саар қаласының Сауда палатасы ұйымдастырған шарада неміс кәсіпкерлеріне Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.

Саар - Германияның оңтүстік-батысында орналасқан өндірістік аймақ. Франция және Люксембургпен шектеседі. Бұл аймақ автомобиль, металлургия кәсіпорындарымен, сондай-ақ ғылыми орталықтарымен әлемге танымал. Мәселен, жасанды интеллектті зерттейтін ең ірі орталықтың бірі дәл осы жерде орналасқан. Қазақстан тарапы ел аумағында бірлескен кәсіпорын ашу ұсынысын айтты. Бұл бизнес әріптестікке қызығушылық танытқандар көп болды.

Франк Томе, SAAR сауда палатасының бас басқарушы директоры:

- Біздің кәсіпкерлер жаңа сенімді серіктестер іздейді. Сондықтан Қазақстан өте маңызды рөл атқарады және біз ынтымақтастықтың көптеген бағыттарын көріп отырмыз. Бұл өнеркәсіп, энергетика, логистика. Қазірдің өзінде көптеген салада бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Металл өндіру, болат және оны өңдеу туралы айтатын болсақ, біздің компаниялар «жасыл» сутегіге қызығушылық танытып отыр және бұл тұрғыда Қазақстан біз үшін маңызды серіктес бола алады. Ынтымақтастықты кеңейтудің үлкен әлеуетін көріп отырмын.

Қазақстанда бизнесті қалай ашуға болады? Шара барысында «KazakhInvest» ұлттық компаниясы еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Кәсіпкерлер өздерін толғандырған сан сауалға жауап алды. Саардың бизнес өкілдері қазақстандық нарыққа қызығып, кездесуді жаңа мүмкіндік деп бағалады.

Кристоф Крехан, "ISK" компаниясының бас директоры:

- Форум мен үшін өте қызық болды, өйткені Қазақстандағы бизнес мүмкіндіктері айтылды. Біз сіздердің елден серіктестер іздейміз және мұнай-газ саласында ынтымақтасқымыз келеді. Біздің компания, мысалы, мұнай-газ және химия өнеркәсібінде қолданылатын ірі өнеркәсіптік арматураларды шығарады. Осы іс-шарадан кейін сіздердің елмен жұмыс істеуге деген қызығушылығымыз арта түсті.

Сәкен Олжабаев "Kazakh Invest" компаниясының Германиядағы өкілі:

- Қазақстанда Германия компаниялары қатысуымен 52 жоба бар. Оның ішінде 28 жоба сәтті іске асырылды. Жалпы сомасы 1 млрд астам. Қазіргі уақытта 8 жоба іске асырылып жатыр. Және 16 әлеуеті зор жоба бойынша неміс инвесторларымен келіс сөздер жүргізіп жатырмыз. 

Алда дәл осындай іс-шара Германияның тағы екі федеративтік штатында, Баден-Вюртемберг және Солтүстік Рейн-Вестфалия қалаларында өткізу жоспарланған.

Сымбат Ғалымжанқызы, Шолпан Найманбаева