Жаңаөзенде қоқысты қайта өңдеумен айналысқан кәсіпорынды мемлекетке қайтарды

Жаңаөзенде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеумен айналысқан кәсіпорын мемлекет меншігіне қайтарылды.

1 млрд теңгеге бағаланған нысан 2019 жылы жеке серіктестікке сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда компания басшылығы өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамаған болып шықты.

Прокуратура мәліметінше, комбинат арнайы техникамен қамтамасыз етілмеген. Сондай-ақ қалдықтарды кәдеге жарату өндірісін кеңейту жұмыстары жасалмағаны анықталды. Соның салдарынан полимерлі құбыр шығару жобасы іске аспай қалды. Құзырлы органның бұған дейін сотқа жолдаған  арызы қанағаттандырылды.

Бақытжан Жанысбаев, Жаңаөзен қаласының прокуроры:

- Талдаулар қорытындысында заң бұзушылық анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша сенімгерлік шартты тоқтата тұру туралы Жаңаөзен қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берілді. Ол толығымен қанағаттандырылды. Серіктестік өкілі апелляциялық сотқа жүгінгенімен, бастапқы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.